31 Наурыз 10:56

Індет әлемді өзгерте ме?

Фото:

Әлемде не көп, сарапшы көп. Экономикадан бастап, медицинаға дейін. Батыс сарапшыларының дені бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай: «Бұдан кейін әлем түбегейлі өзгереді» деген сөзді жиі айта бастады. Бұл болжамға сенсек, бұдан былай денсаулық сақтау жүйесі, бизнес ландшафт және ойын ережелері мүлде басқаша құрылмақ. Бір сөзбен айтқанда, әлем адам танымастай өзгереді екен. Бұған көз түгіл, арнайы құралдармен әзер көрінетін вирус себепкер болмақ.

Болашақты қайдам, пандемия дәл қазір тұрмыс-салтымызды өзгерткені рас. Тышқан жылы бүкіл адамзат «тышқаншылап» кетті десек, артық айтқандық болмас. Жейтін азығын үйіп әкеп, үйіне тығылып, сыртқа шығуға қорқып, қамалып отыр. «Ораза, намаз –тоқтықта» деген, экономика, саясат және басқа да дүниелер екінші кезекке ысырылды. Короновирус індетінің бүкіл әлемді қысқа ғана уақыт ішінде толық жаулап алып, құрбандарының саны күн өткен сайын көбейе түсуі – мұның басты себебі. Италия элитасының аузынан: «Италияндықтарды аман сақтап қалу үшін Италияны да құрбандыққа шалуға бармыз» деген сөз шыға бастады.

Ал жатжұрттық жауырыншылардың бұл жорамалы қаншалықты шындыққа жақын? Дүние қалай өзгереді? Дүние онсыз да ұдайы өзгеріс үстінде емес пе? Бізге таныс әлемді адам өз қолымен жасаған жоқ па? Бұл үшін адамның өзі өзгеріске түсуі керек қой? Көзге көрінбейтін вирус адам табиғатын өзгертіп жіберетіндей соншалықты құдіретті ме?

Лао Цзы секілді көне дәуір абыздарының сөзінен аңғарғанымыздай, адам табиғаты сан мың жылда өзгермеген. Өзгерген құралдар мен технологиялар ғана. Санаға сілкініс жасауға, шынымен, құртақандай вирус түрткі болмақ па?

Қазақстандық сарапшылар бұған қатысты не дейді?

Досым Сәтбаев, саясаттанушы: «Қысқа жады» дегенін істейді

Д.Сәтбаев

– Адамның өзі өзгере ме екен? Көп нәрсе қарапайым адам факторына байланысты. Мұны Чернобыль көрсетіп берді. Мұны жабайы фауна өкілдерінен экзотикалық асты ұнататын уханьдық көрсетіп берді. Адамдар жамандықты тез ұмытып, енді бұл ешқашан қайталанбайды деген үмітке сенгісі келеді. Бұл ғаламдық және жергілікті деңгейде саяси және экономикалық шешімдер қабылдайтындарға да қатысты. Біздің түйткілдеріміздің бірі – осы «қысқа жады». Төтенше жағдайда да адамның «қысқа жады» байқалады. Тіпті, билігі бар адам болсын, оған бағынатындар болсын, әлеуметтік иерархияның қай сатысында тұруы аса маңызды емес. «Қысқа жады» пандемия аяқталса, қолды жақсылап жуу керек екенін ұмыттырады. Көп адамдарды қаржы пирамидаларына қайта итермелейді. «Қысқа жады» жаңа ғаламдық қаржылық-экономикалық «сабынды көпіршіктерді» қайта үрлеуге әкеп соқтырады. Бағасы өсе бастаса болды, шикізат елдерін «ресурстар қарғысы» тұзағына қайта іліндіреді. Бұл әлемнің өзгеріп, басқаша кейіпке енуіне қиындық тудырады. Әзірге көп адамдар «қысқа жадының» тұтқыны болып отыр. Маңызды, негізгі мәселелерге мойын бұрғызбай, конъюнктура мен хайпқа қарай ақпараттық шу күшейіп отыр.

Шыңғыс Мұқан, қоғам белсендісі: Кейбір құндылықтар ғана өзгеруі мүмкін

Ш.Мұқан

– Коронавирус әлемде түбегейлі өзгертеді деп айта алмаймын. Пандемия болмаса да, мұндай вирустар жер бетінде оқтын-оқтын пайда болып тұрады. Эбола, құс, шошқа тұмауы да елді дүрліктіріп барып басылған. Бір-екі айда мұның да емі табылып қалар. Қазір экономика да, басқа салалар да есеңгіреп қалды. Бұрынғы дәстүрлі өмір сүру салты аяқ астынан өзгерді. Өз басым бұл екі-үш айдың төңірегіндегі қиыншылықтар деп ойлаймын. Адам – бейімделгіш жаратылыс иесі. Кез келген жағдайға жылдам бейімделеді. Вирус кеткен соң, бәрі қалпына келеді. Кейбір нәрселер өзгеріп, құндылықтар қайта қаралуы ықтимал. Адамдар қарым-қатынасты басқаша бағамдап, денсаулыққа, тазалыққа қатты мән берер. Қанша дегенмен, әлеуметтік жаратылыспыз. Адамның өзі өзгеретіндей мүмкіндік туып отыр. Астан-кестең болып, аспан жерге түседі деп айта алмаймын. Денсаулық сақтау саласында өзгеріс болуы мүмкін. Кез келген дағдарыс сапалық өзгеріске бастауы тиіс. Коронавирустан қайтыс болған адамға үш рет жедел жәрдем шақырғаны, үшіншісі әрең алып кеткені, қайтыс болған соң ғана вирустың бар екені анықталуы, содан кейін бала-шағасын карантинге жабуы – олқылықтарымызды анық көрсетіп берді.

Өркениет уақытша қиындықтарға төтеп бере алады. АҚШ-та ұлы депрессия кезінде жағдай қазіргіден нашар болды. Қазіргідей ақпараттық технологиялар, ғылыми жетістістіктер болмаған. Бұдан да қиын дағдарысты батыс өркениеті бастан өткерген. Экономикалық қырына келсек, «кейінге қалдырылған сұраныс» деген ұғым бар. Қазір көп адам онлайн жұмыс істеп, айлық алып отыр. Вирус біткеннен кейін экономикада дүмпу болады. Адамдарға көшеге шығып, керек-жарағын ала бастайды. Бәрінен бұрын тұрақты табысы жоқ адамдарға қиын болғалы тұр.

Әбдірашит Бәкірұлы, философ: Билік пен халық бірігеді

– Экономикалық қырынан алғанда, әлсіз дамыған елдердің тәуелділігі арта түседі. Халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлап, азық-түлік тапшылығы болатыны түсінікті жайт. Коронавирус жедел тарайтындықтан, оған қарсы ел экономикасын бағыттауға көп мемлекеттердің мұршасы келмей отыр. Енді ғана өздерінің тұрмысқа қажетті тауарлар мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шараларды қолға ала бастайды. Қандай мемлекет болса да, мейлі демократиялық, мейлі тоталитарлық ел болсын, бұл жағдайда билік пен халық арасында бірігу болуы тиіс. Содан кейін олардың әрекеті жасампаздыққа қарай жалғасады.

Италия босқындардан қатты зардап шегіп жатқан ел еді. Еуроодаққа «Италияны босқындардан құтқару керек» деп бірнеше мәрте мәлімдеме жасаған. Халықтың әлеуметтік жағдайын ұйымдастыруда бұл елде бұрыннан көп олқылықтар болған. Коронавирус – соның көшірмесі ғана. Олар дер кезінде жинақтала алмады. Қазір бүкіл әлем Италияға көмек қолын соза бастады.

Қазақстан әлі аса қауіпті жағдайға жеткен жоқ. Бірақ медициналық ахуалымыз дамыған елдердің деңгейінде емес. Сондықтан бірқатар қиындықтарға тап болатынымызды жасыра алмаймыз. Оның үстіне, Қазақстан халқының аздығы және оның шашыраңқы орналасуы – коронавирусты жаппай жұқтыруға қарсы жақсы тетіктердің бірі. Сондықтан да тығыз орналасқан аймақтардан халықты өз өңірлеріне – жан-жаққа жіберу жақсы қадам болды. Бір қауіптісі, медицинасы әлсіз дамыған ауылдарға вирус өтіп кетсе, онда қазіргіден екі есе қиын жағдайға тап боламыз. Ауылда той-жиын толастамайды. Сосын біздің имуниеттіміз мықты деген сенім бар. Ережелерді елемеу көп. 

Тегтер: