Индердегі тұзды көлге баруға тыйым салынды
Атырау облысының Индер ауданындағы тұзды көл мен жасанды карьерлерге баруға уақытша тыйым салынды. Бұл туралы аудандық әкімдік ақпарат таратты.
Алматы, NEGE. «Атырау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, демалушылардың шамадан тыс жиналуына байланысты 28 шілдеден бастап Индер ауданының аумағындағы тұзды көлге және жасанды карьерлерге баруға уақытша тыйым салынады», – делінген ақпаратта.
Бұл көл аудан орталығы – Индербор кентінен 12, ал, «Индер-Қарабау» тас жолынан 1,5 шақырым қашықта орналасқан. Мамандардың айтуына қарағанда, көл жыл сайын жер асты суларымен ағып келетін 1,5 млн тонна тұзды ерітіндімен толығады. Су құрамында 22 түрлі химиялық элемент бар. Тереңдігі 50 метрден асады. Жалпы аумағы 110,5 шаршы шақырымды, ұзындығы 40 километрді құрайды.