Импичмент дауы: Трамп күніне қанша рет өтірік айтады?

АҚШ президенті Дональд Трампқа тықыр таянды. Вашингтонда жақын күндері импичмент процесі басталмақ. Сейсенбі күні Сенатта Трампқа тағылған айытпар бойынша алғашқы сот тыңдауы өтеді. Демократиялық партия өкілдері «президенттің айыбын дәлелдейді» дейтін айғақтарын күн сайын дерлік Сенатқа жолдауда.
Трампқа қандай айып тағылды?
Трампқа тағылған негізгі айып екеу: биліктің бишігін теріс пайдаланды және Когресс жұмысына кедергі келтірді. Біріншісі бойынша, демократттар президент Трампты 2020 жылы өтетін президент сайлауында өзіне басты қарсылас болатын Демократиялық партияның өкілі Джо Байден мен оның ұлы Хантер туралы жағымсыз ақпарат беруді талап етіп Украинаға қысым көрсетіп, тіпті бопсалауда деп айыптады. Хантер әкесі Джо Байден АҚШ вице-президенті болған кезде украин компаниясында жұмыс істеген. Демократтардың пікірінше, қарсыласын тұқыртатын ақпарат алу үшін Трамп Конгресстің Украинаға бөлген 400 млн доллар әскери көмегін бергізбей отыр және Украина 2016 жылғы АҚШ президентін сайлау шарасына араласты деген бейресми айыппен ресми Киевке түрлі қысым көрсетуде. Трамптың қарсыластары мұны президент билігін теріс мақсатта пайдалану ретінде көреді.
Екінші айып бойынша, Трамп Конгресс бастаған тергеу-тексеру жұмыстарына көмек көрсетуден бас тартып, өзінің көмекшілеріне жауап беруге тыйым салу арқылы, заң шығарушы органның жұмысына кедергі келтірді делінеді. Осыған орай демократттар «заңдылықты сақтау туралы антынан тайған, қоғамның өзіне деген сенімін сатқан, елдің демократиялық құндылықтарын аяқасты еткен» адамды биліктен тайдыруды талап етуде. Өткен айда басталған импичмент дауы бойынша қазір Сенатта сот тыңдалымы басталды. Трамп кінәлі деп танылған жағдайда, ол қызметінен кетіп, оның орнын сайлауға дейін вице-президент Майк Пенс басатын болады.
Трамп Билл Клинтонға импичмент жариялағандарды өзіне қорғаушы етіп алды
Дональд Трамп жалдаған заңгерлер тобы импичмент бойынша тағылған айыптарға қатысты алғашқы жауаптарын берді. Олар бұл істі «демократияға қарсы жасалған қауіпті шабуыл» деп атаған. Трамптың өкілдері тағылған айыптардың ешқайсысымен келіспейді, бұл жағдайды 2020 жылғы президент сайлауына килігу деп санайды. Алты беттік жауапта Трамптың заңды өкілдері президентке тағылған айыптың бәрі негізсіз екенін, осыған байланысты бұл процессті заңсыз санайтынын мәлімдеген.
«Трамп күніне 9 мәрте өтірік айтады»
Трамп – АҚШ тарихындағы импичмент ісі бойынша сотқа тартылған үшінші президент. Демократиялық партияның өкілдері Трамптың Украинаға қысым жасағанына қатысты сотта оның барлық көмекшілерінің, Орталық барлау басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік агенттігі басшылары мен қызметкерлерінің жауап беруін талап етуде. АҚШ-тың New York Times секілді беделді басылымдары мен CNN секілді ірі телеарналары да Трампқа шабуылды үдетті. Мәселен Трамптың аузынан шыққан әр сөзді бағып отырған CNN тілшілері өткен аптада президенттің 81 мәрте жалған сөйлегенін жария етті. Журналистер тіпті Трамптың күніне жария түрде шамамен 9 мәрте өтірік айтатынын есептеп шығарыпты.
Демократтардың бақылауындағы Конгресс бастаған импичмент дауына Республикалық партияның иелігіндегі Сенат қалай жауап береді? Егер сенаттағы 100 орынның 53-не ие республикалықтардың кемінде екі-үшеуі демократтардың ығына жығылатын болса, Трамп мерзімінен бұрын президенттік лауазымымен қош айтысып қана қоймай, тіпті сотталуы да мүмкін.
Әділ Ұзақбай