30 Қаңтар 13:50
...

«I have a dream»: Тоқаев волонтерлермен кездесуде Мартин Лютер Кингті еске алды

Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 30 қаңтарда Волонтерлер форумында баяндама жасады.

Астана, NEGE. Президент қазақстандық еріктілердің қызметіне оң баға бере отырып, оларды отаншыл болуға, адал еңбек етіп, әлемді жақсарта түсуге ұмтылуға шақырды. 

«Отаншыл азамат дегеніміз – жауапкершілігі жоғары және жасампаз азамат.

Мен еліміздегі әрбір еріктіні – баршаңызды дәл осындай нағыз отаншыл азаматтар деп санаймын. Жауапты әрі жасампаз патриотизм идеясы әрбір волонтердің жанына жақын. Менің бұған еш күмәнім жоқ.

Әрбір азамат өзінің және қоғамның игілігі жолында күнделікті адал еңбек етіп, әлемді жақсарта түсуге ұмтылуға тиіс. Отанға деген шынайы сүйіспеншілік – осы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы тұста Мемлекет басшысы танымал қоғам қайраткері пастор Мартин Лютер Кингтің арман туралы айтқанын еске алып өтті.

«Танымал қоғам қайраткері пастор Мартин Лютер Кинг "I have a dream", яғни "Менің арманым бар" деген еді. Сондықтан "мына әлемді жақсарта түсемін" деп армандаңыздар. Мұраттарыңызға жетесіздер деп ойлаймын», – деді Президент. 

Айта кетейік, бүгінде елімізде еріктілер саны 300 мыңға жеткен. Сондай-ақ 800-ден астам волонтерлік ұйым тіркелген.