Hyundai, Kia және Geely сатылымы құлдырады: қытайлық көліктерге сұраныс артты
Қазақстанда мамыр айында Hyundai, Kia және Geely автокөліктерінің сатылымы төмендеп, керісінше қытайлық брендтер айтарлықтай өсім көрсетті. Бұл туралы Қазақстанның Автокөлік одағы (ҚАО) хабарлады.
Астана, NEGE. ҚАО мәліметінше, Hyundai сатылымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27,4%-ға, Kia – 24,9%-ға, ал Geely бірден 50%-ға азайған. Ал қытайлық Changan сатылымын 17,5%-ға, Haval 19,7%-ға, JAC 58,4%-ға арттырды.
ҚАО президенті Анар Мақашеваның айтуынша, брендтер арасындағы жоғары бәсекелестік тұтынушыларға кеңірек таңдау ұсынып отыр. Оның сөзінше, бүгінде Қазақстанда құрастырылатын қытайлық көліктерге сұраныс тұрақты түрде өсіп келеді.
«Қазақстандағы өндіріс алаңдарында құрастырылатын қытайлық автобрендтердің сатылымы айтарлықтай өсіп келеді. Бұл тұтынушылардың отандық кәсіпорындарға деген сенімінің артқанын көрсетеді», – деді Анар Мақашева.
Жалпы, 2026 жылдың мамыр айында Қазақстанда 18 393 жаңа жеңіл және коммерциялық автокөлік сатылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға аз. Ал жыл басынан бері ресми дилерлер 84 002 автокөлік өткізіп, нарық көлемі былтырғы қаңтар–мамыр айларымен салыстырғанда 1,8%-ға төмендеген.

Мамыр айында ең көп сатылған модель Chevrolet Cobalt болды. Бір айда аталған модельдің 2 238 данасы сатылған. Одан кейін Hyundai Tucson (1 564), Changan CS55 Plus (637), Changan CS35 Max (637) және Haval M6 (565) орналасты.
Ал 2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша нарық көшбасшысы Chevrolet атанды. Компания 14 469 автокөлік сатып, сатылымын өткен жылмен салыстырғанда 30,6%-ға арттырды. Екінші орында Hyundai (14 213), үшінші орында Kia (10 910). Ал алғашқы ондыққа Changan, Chery, Haval, Jetour, JAC, Toyota және Geely брендтері енді.