«Хуторские» бандасының басшысы делінген Хасан Қасымбаевтың ісі бойынша сот процесі қашан басталады? – Прокуратураның жауабы

Хасан Қасымбаев 2021 жылы жаттықтырушы Арман Әлімовтің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікпен 2024 жылдың 2 қарашасында уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын.
NEGE редакциясы Хасан Қасымбаевтың ісіне қатысты Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдады.
Ішкі істер министрлігі Хасан Қасымбаевқа қатысты Талғар аудандық Полиция басқармасы ҚК-тің 125-бабының 2-бөлігі (адам ұрлау), ҚК 106-бабының 2-бөлігі (денсаулыққа қасақана зиян келтіру) және ҚК 194-бабының 2-бөлігі (бопсалау) бойынша қылмыстық істі тергелгенін мәлімдеді.
Алматы облысының прокуроры Берік Адамовтың редакциямызға берген жауабында Алматы облысы полиция Департаментінің тергеу басқармасы Х.Қасымбаев және басқаларға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеруді аяқтап, 2025 жылдың 21 шілдесінде істі айыптау актісімен облыс прокуратурасына жолдағанын хабарлады.
Қазіргі уақытта облыс прокуратурасы қылмыстық іс құжаттарын зерделеп, тергеу органының қабылдаған процестік шешімін тексеруде.
«Нәтижесінде іс бойынша шешім Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 302-бабы 1-бөлігіне сәйкес қабылданатын болады. Осыған байланысты, істің сотқа жолдануы және басты сот талқылауы туралы мәлімет беру алдын ала ақпарат қана», – делінген прокуратураның NEGE редакциясына берген ресми жауабында.
Сонымен қатар, ресми жауаптан Х.Қасымбаевтың қазір ҚР ІІМ ҚАЖК-нің №72 мекемесінде қамауда отырғаны белгілі болды.
ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне қатысты басқа мәліметтер жария етуге жатпайды.
Хасан Қасымбаевтың есімі Талғарда 16 жастағы Шерзат Полатты аяусыз өлтіріп кеткеннен кейін атала бастады. Ол «Хуторские» бандасының басшысы делінген еді.
Кейіннен Алматы облысының полиция департаменті 2024 жылдың 2 қарашасында Хасан Қасымбаевтың уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Белгілі болғандай, ол Шерзат Полаттың өліміне қатысты ұсталмаған. 2021 жылы ережесіз жекпе-жектен жаттықтырушы Арман Әлімовтің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікке ілінген. Қылмыс 2021 жылдың 17 маусымында жасалғаны анықталды.
Жәбірленуші Арман Әлімовтің анасы Elmedia порталына берген сұхбатында ұлына Хасанның бұйрығымен шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қылмыс орнында Хасан Қасымбаевтың өзі болған.