24 Қыркүйек 17:21
...

«Хасанға қарсы айғақ бер деп қасындағы 5 жігітті ұрып-соққан» – Аслан Қасымбаев

Аслан Қасымбаев
Фото: gov.kz

Алматы облысы Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаевтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот отырысы өтіп жатыр.

Сотта Хасан Қасымбаевтың қоғамдық қорғаушысы болып танылған туған бауыры Аслан Қасымбаев NEGE тілшісіне іске қатысты пікір білдірді. Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір жыл бұрын Талғардағы атышулы оқиғадан кейін Аслан Қасымбаев Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметінен кеткен болатын.

«Шерзаттың ісі бойынша Талғарда резонанс болғанын білесіздер. Мені ешкім жұмыстан шығарып жіберген жоқ, мен өз еркіммен жұмыстан кетуге арыз жаздым. Жұмыстан шығаруға ешқандай негіз жоқ. Мен жұмысқа келгенімде тесттен, арнайы тексерістен өттім», – дейді Аслан Қасымбаев.

Аслан Қасымбаев қазір жеке шаруаларымен айналысып жүргенін айтты. Сонымен қатар інісі Хасан Қасымбаевтың қоғамдық қорғаушысы болып танылған. Ол бауырының ісіне қатысты пікір білдірді. 

«Мен заңгер емеспін. Бірақ, адвокаттардан біліп жатырмын. Көп заңсыздық болды. Мысалы, Хасанды қамағанның өзінде олар үкімнің күшін жойып, тек сосын қамауы керек еді. Қамалғаннан кейінгі екі айда бірде-бір тергеу жүрмеді. Хасанды қамғаннан соң сотталған 5 баланы әбден қинаған. Оларды ұрып-соғып «Хасанға қарсы айғақ бер» деген. Екінші жәбірленуші Тәжиев бойынша да Хасанның үстінен арыз жазбасаң, балаңның үстінен іс қозғоймыз деген сияқты. Өзі де кеше сотта ештеңе айта алмады ғой. 

Інім 40 жастан асқан адам, бала-шағасы бар, ақыл тоқтатқан ересек адам. Жүрт ол туралы «қылмыстық топ құрды, бандит» деп айтып жатыр. Сондай болса, бұдан бұрын істі болатын еді ғой. Бірақ оның соттылығы жоқ. Оның қасында жәбірленушінің үстінен бірнеше рет іс қозғалған. Азаматтық некедегі әйелін ұрған, жастарды есірткімен улаған, – дейді А.Қасымбаев. 

Сот
Фото: NEGE

Аслан Қасымбаев «хуторлық» бандысы туралы қауесетті де жоққа шығарды.

«Кезінде басқа ұлттар тұрғанда «Хутор» деген атау болғанымен, бірақ ондай банда болған жоқ. Оны құзырлы органдар да жоққа шығарды, ешқандай ұйымдасқан қылмыстық топ жоқ екенін мәлімдеді», – дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 2 қарашасында Хасан Қасымбаев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2021 жылы ережесіз жекпе-жектен жаттықтырушы Арман Әлімовтің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікке ілінген.

Іс бойынша Х.Қасымбаевтан басқа тағы 5 адам айыпталған. Олар: Руслан Әлиев, Мадияр Қалымжанов, Сайлау Ақтанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Данияр Асқаров.