22 Тамыз 13:31
...

Хасан ісі: Прокурор «Хуторские» қылмыстық тобының қалай әрекет еткенін баяндады

Хасанның соты
Фото: NEGE

Алматы облысы Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаевтың ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Іс бойынша Х.Қасымбаевтан басқа тағы 5 адам айыпталып жатыр. Олар: Руслан Алиев, Мадияр Қалимжанов, Сайлау Ақжанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Данияр Асқаров.

Бүгінгі сот отырысында прокурор Ерлан Құланбаев сотталушы Хасан Қасымбаев пен 5 сотталушыға қатысты айыптау актісін оқыды. Сотталушыларға екі эпизод бойынша айып тағылды. Бұл туралы сот залынан NEGE тілшіcі хабарлады.

«16 тамыз 2016 жылы өзара таныс Қасымбаев, Сыдықжанов, Мұқашев қылмыстық жолға түсіп, пайдакүнемдік ниетпен адамдар тобының алдын ала сөз байласып қорқыту, күш қолданып бөтеннің мүлкін талап ету мақсаттарымен өздерінің қылмыстық қолсұғушылық объектісі ретінде Сыдықжановтың танысы Тәжиевті таңдап, оның Алматы облысы төңірегіндегі жер телімдерін сатумен айналысып жүргенін, сонымен қоса оның құрылыс жасайтын шағын бригадасы бар екенін жеке меншік дәріханасы бар деп ойлап, басқаруындағы Lexsus-470 және Tоyota Highlander маркілі автокөліктері бар екенін біліп, оған күш қолдану арқылы қорқытып, одан ақша талап етіп, қылмыстық жолмен пайда табуды ойластырған және қылмыстық жоспар құрған.

Хуторскийе
Х.Қасымбаев. Фото: ғаламтордан

Қылмыстық жоспарға сәйкес, Мұқашев пен Сыдықжанов Тәжиевті кездесуге шақырып алып, одан кейін оны Алматы облысы Талғар ауданы Талғар қаласының шетіне алып шыққан. Ал Қасымбаев сол жақта күтіп алып, үшеуі Тәжиевке күш қолдану арқылы соңғыны қорқытып, одан ақша талап ететін болып келіскен. Алдын ала ойластырылған қылмыстық жоспарларын жүзеге асыру үшін 16.08.2016 жылы сағат 13:00 шамасында Сыдықжанов өзінің танысы Тәжиевке ұялы телефон арқылы хабарласып, Алматыдағы Кенжехан базарында кездесуге шақырған. Сол күні түскі сағат 15:00 шамасында Тәжиев танысы Сыдықжановтың қылмыстық ойларын білместен, жалғыз өзі Алматыдағы Кенжехан базарының қасына келіп, сол жерге Сыдықжанов басқарып келген Toyota Land Cruiser Prada маркілі автокөлігіне отырған, ал автокөлікте Сыдықжанов пен бұрын таныс емес Мұқашев болған. Осы уақытта Сыдықжанов Тәжиевке Алматы облысы Талғар ауданы Талғар қаласына барып, «бір танысымен сөйлесіп қайту керек» деп айтқан. Тәжиев бұған келіскен.

Осы кезде оларды сыбайласы Қасымбаев күтіп алған. Қасымбаев Тәжиевтің әуелі көкірек тұсынан ұрып, тыныс алуын қиындатқан. Ал Мұқашев Тәжиевтің бүйрек және бауыр тұсынан бірнеше рет ұрған. Осы сәтте Қасымбаев, Сыдықжанов, Мұқашев танысы Тәжиевтің қорқып тұрғанына анық көзі жетіп, оның жекеменшік дәріханасы бар екенін айтып, оның дұрыс жұмыс істеуі үшін «ақша қойып бересің» деп талап еткен.

Осыдан кейін Қасымбаев, Сыдықжанов, Мұқашев Тәжиевті Талғар қаласы Қонаев көшесінде орналасқан «Тау самалы» кафесінің VIP-кабинкасына кірген. Ал Тәжиев өзінің өмірі мен денсаулығы үшін қорқып, қарсылық көрсетпей, олардың айтқанын істеп, бірге жүрген. Бұл кафеде Қасымбаев, Мұқашев екеуі Тәжиевтің аяғынан және көкірек тұсынан соққылар жасаған, салдарынан Тәжиевтің тыныс алуы нашарлап, есінен танып қалған. Әрі қарай олар жәбірленушіні есін жиғызып, талап еткен ақшаны әкеліп беретініне анық көзі жетіп, Тәжиевтен жалпы сомасы 1 миллион теңге талап еткен», – деді прокурор айыптау актісінде.

Осылайша, Қасымбаев Хасан күш қолданып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен бөтеннің мүлкін талап етіп, ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі 1-2-тармақтарымен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған. Бұдан басқа сотталушылар Қасымбаев, Қалымжанов, Әлиев, Асқаров, Сұлтанбековке келесідей айып тағылды.

Хасан
А.Әлімовті ұрлап әкету. Фото: ғаламтордан

«Атап айтқанда 05.04.2020 жылы Алматы облысы Талғар ауданының тұрғындары Қартайғанов, Кенжеғалин, Есперов, Жақыпов, Дүйсенбаев, Орынтаев және тергеуде анықталмаған азаматтар алдын ала сөз байласқан адамдар тобы болып, Алматы облысы Еңбекшіқазаш ауданы Рахат селолық округіне қарасты саяжай артында екінші жақтан кеткен Қалымжанов пен оның таныстарына қатысты атыс қаруын қолдану арқылы бұзақылық жасады. Нәтижесінде, Қалымжановқа жарақат келтірілген. 02.12.2020 жылы Еңбекшіқазақ аудандық сотымен Қартайғанов және оның жоғарыда аталған сыбайластары ҚР ҚК-нің 293-бабы, 3-бөлігі, 2-тармағымен кінәлі деп танылып, оларға қатысты үкім шыққан. Осы оқиғадан біршама уақыт өткеннен кейін Қасымбаев өзінің танысы Қалымжановқа қатысты атыс жасаған тұлғаларды Талғар қаласының тұрғыны Әлимов айдап салғанын, сонымен қатар «Хасан маған авторитет емес» деп айтып жүргені туралы белгісіз көзден естиді. Осы үшін Әлимов жауап беруі тиіс деген оймен қылмыстық құқық бұзушылықты ойластырған.

Атап айтқанда Қасымбаев адам ұрлау және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру мақсаттарымен оны жүзеге асыру үшін өзінің таныстары Қалымжанов, Ақжанов, Әлиевті, Асқаровты және Сұлтанбековпен сөз байласып, адамдар тобын құрып, оларға Әлимовты Талғар қаласының ішінде жүрген жерінен ұстап алып, оны автокөлікке салып ұрлатуды, содан кейін Талғар қаласының шетіне шығарып ұрып-соғу сияқты құқық бұзушылықты жасауды ұйымдастыруды және оның орындалуына басшылық етуді ойластырған», – деді прокурор.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 2 қарашасында Хасан Қасымбаев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2021 жылы ережесіз жекпе-жектен жаттықтырушы Арман Әлімовтің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікке ілінген. Қылмыстың 2021 жылдың 17 маусымында жасалғаны анықталды.