23 Қыркүйек 12:07
...

Хасан Қасымбаевтың соты: Адвокаттар аудандық сот құрамын ауыстыруға өтініш берді

Хасан Қасымбаев
Фото: NEGE

Алматы облысы Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаевтың ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды NEGE тілшісі.

Іс 36 томнан тұрады. 20 тамызда басталған сот отырысында жәбірленуші Арман Әлімовтен жауап алынып, 6 куәгер сотта куәлік етті.

Кешегі процесте Аюпжан Тәжиев  Хасан Қасымбаевтың және басқа да айыпталушылардың қатысуынсыз жауап беретінін айтып, судьяға өтініш білдірген. Судья Айнагүл Тукубаева өтінішті қанағаттандырды. Жәбірленуші А.Тәжиев сотталушылардың қатысуынсыз жауап берді. Бүгін А.Тәжиевтен жауап алу жалғасуы тиіс болған. Алайда ол сот отырысына келмеді, онлайн қосылуға өтініш білдірді. Судья Айнагүл Тукубаева жәбірленуші А.Тәжиевтің процеске онлайн қатысуына рұқсат берді.

Бұған дейін де жәбірленуші Аюпжан Тажиев сотқа келе алмайтынын айтып, онлайн жауап беруге өтініш білдірген. Алайда, сотталушылардың адвокаттары бұған қарсы шықты. Аюпжан Тәжиев одан кейінгі сот отырыстарында да төбе көрсетпеді. Сол себепті оны сот залына күштеп әкелген еді.

Сотталушылардың адвокаты жәбірленуші А.Тәжиевтің онлайн қатысуына тағы да қарсылық білдірді. Ол бүгінгі процеске денсаулығына байланысты келе алмағанын хабарлаған. Сотқа денсаулығына байланысты 2 анықтаманы қоса ұсынған. Алайда сотталушылардың адвокаттары олардың 2023 жылғы және 2025 жылғы мамыр айындағы анықтамалар екенін атап өтті. Сол себепті ол анықтамаларды жарамсыз деп есептейді.

Сотталушы Хасан Қасымбаевтың адвокаттары осы жағдайларға байланысты аудандық сот құрамын ауыстыруды талап етті. Қорғаушылардың өтініші қанағаттандырылмады. Процесс ары қарай жалғасты. Қазір Аюпжан Тәжиев сотта онлайн жауап беріп жатыр. 

Алайда, оның сотта берген жауабын жариялауға рұқсат жоқ. Естеріңізде болса, журналистерге жәбірленушінің айғақтарын жариялауға тыйым салынған.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 2 қарашасында Хасан Қасымбаев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2021 жылы ережесіз жекпе-жектен жаттықтырушы Арман Әлімовтің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікке ілінген.

Іс бойынша Х.Қасымбаевтан басқа тағы 5 адам айыпталған. Олар: Руслан Әлиев, Мадияр Қалымжанов, Сайлау Ақтанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Данияр Асқаров.