Хасан Қасымбаевтың ісіне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр

Алматы облысы Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаевтың ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды NEGE тілшісі.
Алматы, NEGE. Бүгінгі сот отырысында куәгерлер айғақ беруін жалғастырады. Айыпталушылар сот залына уақытында жеткізілген жоқ. Сотталушылардың кешігіп жатқаны хабарланды. Сол себепті судья жарты сағатқа үзіліс жариялады.
Өткен сот отырыстарына екінші жәбірленуші Аюпжан Тажиев келмеген болатын. Оның процеске онлайн қатысуына сотталушылардың адвокаттары қарсы болды. Жәбірленушіні келесі сот отырысына мәжбүрлі түрде қатыстыру да ұсынылды.
БАҚ өкілдері сот залына кіргізілмеді, процессті арнайы бөлмеден қарап отыр. Естеріңізде болса, жәбірленушілер мен куәгерлердің айғағын баспасөз бетінде жариялауға тыйым салынған. Сол себепті оқиғаның мән-жайы хабарланбайды. Куәгерлер де аты-жөндерін жариялауға қарсылық танытқан.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 2 қарашасында Хасан Қасымбаев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2021 жылы ережесіз жекпе-жектен жаттықтырушы Арман Әлімовтің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікке ілінген.
Іс бойынша Х.Қасымбаевтан басқа тағы 5 адам айыпталған. Олар: Руслан Әлиев, Мадияр Қалымжанов, Сайлау Ақтанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Данияр Асқаров.