Спорт
Харри Кейн алғаш рет «Алтын доп» иегері атанды
«Бавария» мен Англия құрамасының шабуылшысы Харри Кейн 2026 жылғы «Алтын доп» сыйлығын жеңіп алды. 26 қазанда Лондонда өткен марапаттау рәсімінде 33 жастағы футболшы басты жүлдеге ие болды.
Астана, NEGE. Дауыс беру қорытындысы бойынша Кейн «Реал Мадрид» шабуылшысы Килиан Мбаппе мен «Барселона» ойыншысы Ламин Ямальдан басым түсті. Мбаппе екінші, Ямаль үшінші орын алды.
Өткен маусымда Кейн клубы мен ұлттық құрама сапында 65 матч өткізіп, 73 гол соқты.«Бавариямен» бірге Германия чемпионаты мен кубогын жеңіп алды. Сондай-ақ Еуропаның «Алтын бутса» сыйлығына ие болды.
Осылайша, Кейн 2001 жылы Майкл Оуэннен кейін «Алтын доп» алған алғашқы ағылшын футболшысы атанды.
Алайда марапаттау рәсімі басталмай тұрып, ұйымдастырушылар ыңғайсыз жағдайға тап болды. «Алтын доптың» ресми сайтында Кейн, Мбаппе және Ямальдың әрқайсысы жеңімпаз атанды деген мақалалар жарияланып кетті. Көп ұзамай үшеуі де сайттан өшірілді.
Ұйымдастырушылар барлық үміткерге арнап алдын ала дайындалған материалдардың қателікпен жарияланғанын түсіндірді. Бұл мақалалар дауыс беру нәтижесін білдірмейтінін мәлімдеді.
Ақырында басты жүлде шынымен де Харри Кейнге бұйырды.