27 Қыркүйек 16:39

Халықтық штаб: Атом энергетикасы – әлемдік тренд

Мәжіліс
Фото: Әли Ғалым

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Маңғыстау облысында болды. Мұнда олар мұнайшылармен, өңір жұртшылығы өкілдерімен бірқатар кездесу өткізіп, Сенек ауылының тұрғындарымен атом энергетикасының өңірге және тұтас елімізге жол ашатын перспективаларды талқылады.

Ақтау, NEGE. Ақтауда Халықтық штаб мүшелері «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерімен жүздесті. Іс-шараға 150-ден астам адам қатысты. Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы еңбек адамына айрықша басымдық беретіні, олардың арасында ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан мұнай-газ саласының қызметкерлері ойып тұрып орын алатыны ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, Штаб мүшелері Президент бастамасымен Конституцияға түзетулер енгізілгенін, соған сәйкес жер мен оның қойнауындағы қазба байлық халыққа тиесілі екенін еске салды. Парламент депутаттары жер қойнауын пайдалану туралы жаңа заң қабылдады. Енді елімізде жаңадан ашылған барлық ірі кен орындары ұлттық компаниялардың 50% және одан жоғары үлесімен игерілуге тиіс. Сондай-ақ, жер қойнауын пайдаланушы барлық компания енді қазба байлығы азайып бара жатқан кен орындарында жұмыс жүргізуді жалғастыруға немесе орналасқан аймақты дамытуға қаражат құюға міндетті. Соның нәтижесінде, «ӨзенМұнайГаз» және «Маңғыстаумұнайгаз» компанияларында мыңдаған жұмыс орны сақталады.

«Бәріміз де қуатты, тәуелсіз мемлекетте өмір сүргіміз келеді. Балаларымыздың да осындай елде өмір сүргенін қалаймыз. Сондықтан, қазір немқұрайлық танытып, сыншылардың сөзіне еруге, алып-қашпа әңгімелерге арқа сүйеуге болмайды. Сындарлы көзқарас танытып, ел игілігі жолында батыл шешім қабылдауымыз керек. АЭС – біз айтып отырған батыл шешім. Баршаңызды 6 қазанда референдумға келіп, АЭС құрылысына дауыс беруге шақырамын», – деді Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов.

Мәжіліс
Фото: Әли Ғалым

Сонымен қатар, Штаб мүшелері аймақтағы ең өзекті мәселенің біріне – ауыз су тапшылығына тоқталды. Мәселен, биыл Форт-Шевченкодағы су тазарту құбыры станциясының құрылысын аяқтауға 2,5 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, 2025 жылға қарай «Кендірлі» курорттық аймағында жаңа су тұщыту зауыты салынады. «Каспий» су тұщыту зауытын кеңейту жұмысы жалғасуда. Алайда, сенімді қуат көзі болмайынша, бұл маңызды жобаларды жүзеге асыру өте қиын.

Өз кезегінде, Ядролық физика институтының директоры Саябек Сахиев Қазақстанда бейбіт атом энергиясын дамытуға қажет жоғары кадрлық, ресурстық және ғылыми әлеует бар екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол әлемде жоғары қауіпсіздік талаптарымен ерекшеленетін III және III+ жаңа буын реакторлары салынып жатқанын айтты.

Мәжіліс
Фото: Әли Ғалым

Сенек ауылында Штаб мүшелері жергілікті тұрғындармен өңірдегі өзекті мәселелерді талқылады. Яғни, ауылда жаңа жұмыс орындарын құру, несие алу, жаңа өндіріс орындарын ашу және тағы басқа. Мемлекет «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарына жеке кәсіп ашу үшін 2,5%-дық қомақты қаражат бөледі. Алайда, жаңа бизнесті жүйелі жүзеге асыру үшін сенімді электр қуаты қажет. Осы мәселелерді АЭС салу арқылы шешуге болады.

Мәжіліс
Фото: Әли Ғалым

Осы күні Халықтық штаб мүшелері Маңғыстау облысы жұртшылығының өкілдерімен және өңірдегі белсенді азаматтармен кездесті. Олар өңір экономикасын әртараптандыруға, инвестиция ағынын ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын құруға қабілетті жоба ретінде АЭС құрылысының маңызын талқылады. Штаб мүшелері Қазақстан жыл сайын миллиардтаған кВт/сағ электр энергия импорттайтынын еске салды. Жыл өткен сайын бұл көрсеткіш артып келеді. Сондай-ақ Маңғыстау облысы ең жоғары жүктеме кезінде шетелден электр энергия сатып алады. Энергия тапшылығына байланысты көптеген перспективалы өндірістер тек қағаз жүзінде қалуда. Осы мәселелерді АЭС шешеді. Бүгінде Маңғыстауды еліміздің бірыңғай энергия жүйесіне қосу жұмысы жүргізілуде. Яғни болашақта батыстағы барлық облыс бейбіт атом энергиясының игілігін көре алады.

Мәжіліс
Фото: Әли Ғалым

Штаб мүшелері атом энергетикасы – жалпы әлемдік үрдіс екеніне облыс тұрғындарының назарын аударды. Бүгінде дәл осындай жолды экономикасы дамыған елдердің басым көпшілігі таңдады. Олардың қатарында АҚШ, Франция, Қытай және өзге де мемлекеттер бар. Мәселен, Бельгия жауып тастауды жоспарлап қойған екі реактордың қызмет ету мерзімін 10 жылға ұзартуда. Жуырда Түркияда АЭС құрылысы аяқталды. Биыл Өзбекстан атом станциясын салу туралы шешім қабылдады.

Жалпы, маңғыстаулықтар атом электр станциясы құрылысына жоғары қызығушылық танытып, Мемлекет басшысының реформаларын қолдауға дайын екенін жеткізді.

Дайындаған: «Nur Media» ЖШС.
«AMANAT» партиясы» ҚБ қаражаты есебінен төленді