Халықаралық форумда туризм индустриясын дамыту сөз болды
Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында І Халықаралық туризм және медиа форумы өтті.
Алматы, NEGE. Шараның өтуіне “Түркітілдес журналистер қоры” қоғамдық қорының мұрындық болса, Алматы облысының әкімдігі бастаманың жүзеге асуына атсалысты. Сонымен қатар ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі форумның ойдағыдай өтуіне қолдау білдірді.
Форумға Қазақстан, Ұлыбритания, Швейцария, Австрия, Бельгия, Германия, Франция, Нидерланд, Молдова, Түркия Республикасы Солтүстік Кипр, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан сияқты шет мемлекеттерден 200-ге жуық адам қатысты.
Олардың арасында мемлекеттік қызметкерлер, халықаралық және отандық БАҚ басшылары, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, журналистер, баспасөз хатшылары, PR-менеджерлер, туризм саласының мамандары болды. Маңызды іс-шараның мақсаты – медиа және туризм саласындағы жаңа үдерістерді ескере отырып, тәжірибе алмасу, ақпарат алмасу кеңістігін кеңейту, өзара тиімді ортақ жобаларды жүзеге асыру.

Сонымен қатар Қазақстанның тарихи-мәдени орындарын шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау, журналистер арасындағы ынтымақтастық пен әріптестік байланысты нығайту.
Форумның ашылуына қатысқан Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев туризмді дамытуда БАҚ-тың маңызы зор екенін атап өтті.
– Туризм индустриясы БАҚ-пен, ал жаңа медиалар – әлеуметтік желілермен тығыз байланысты. Желіге туристік нысан туралы көп ақпарат тараса, сонша көп адам көріп, туристік орындарға келеді деген сөз. Сондықтан да туризмді дамытуға сеп болатын медиа құралдарды дамыту маңызды, – деді облыс әкімі.
Іс-шараға арнайы қатысқан еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі сөзінде туризм саласын дамыту мен туған жердің табиғатын насихаттаудағы ақпараттық қолдаудың маңыздылығына тоқталды. Медиа саласы мен туризмді бір арнаға тоғыстырған бұл форум осы тарихи кеңістіктің мүмкіндіктерін одан сайын айшықтап, жалпақ жаһанға таныстыруда терең мәнге ие болатынын жеткізді. Ал форумның негізгі бастамашысы, «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы әлемдік туризмнен былтырғы кіріс 1 трлн АҚШ долларға жеткенін айтты.

– Алматы облысы – қазақтың ежелгі әдет-ғұрпы, тарихы, салт-дәстүрінің ең басты даму мекені. Сол себепті форум биыл алғаш рет осы жерде ұйымдастырылып отыр. Тамызда Анталиядан журналистер келіп, өңір басшысының қолдауымен бұл жерде тағы да ауқымды шара өтеді. Онда туризмді дамыту, инвестиция тарту секілді мәселелер қарастырылатын болады. Шетелге шығу жақсы, бірақ, Қазақстанның да көрікті жерлері көп, соларды әлеуметтік желіде насихаттап, ішкі туризмді дамытуға шақырамын, – деді қор президенті.
Медиа форумның бірінші отырысы «Қазақстандағы туризм: даму келешегі мен мүмкіндігі» тақырыбында өтті. «Қазақстандағы медиа және туризм» тақырыбында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Аманбаев баяндады.
– Қазақстанда ішкі туристер саны былтырғы көрсеткіш бойынша 8,9 млн адам болды. Ел ішінде жазда Алакөлге сұраныс жоғары және қазақстандықтар көбіне жазда 5 ұлттық парк бар, табиғаты тамаша Алматыны жағалайды. Күз бен көктемде жылы ауа-райы ұзақтау Ақтау мен Түркістанға барады. Ал сыртқы туристер санына келсек, жылына 7,5 млн шетелдік шекарадан өтеді, бірақ қонақүйлерге түнеп шыққандары ғана ресми турист ретінде саналып, олардың саны 1,5 млн турист деп есептеледі. Сыртқы туристер жақын шетелдердің ішінде Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстаннан көп келсе, алыс елдердің ішінде – Түркия, Қытай, Үндістан, Сауд Арабиясы және АҚШ-тан жиі ат басын бұрады, – деді басқарма төрағасы.