«ХАЛЫҚ кешірмейді...»: Теолог-ғалым ШЕШЕ туралы жаңсақ пікір айтқан имамды сынады

«Қабылбек ұстаз» деп танылған Қабылбек ӘЛІПБАЙҰЛЫНЫҢ «шеше» деген сөзге өзінше анықтама берген видеолары тарады. Ол «балаға еңбегі сіңбеген адамды шеше деп атаған» деп тұжырым жасайды.
Қабылбек Әліпбайұлы «ана» деген сөз бен «шеше» деген сөзде айырмашылық бар екенін айтып, бұл сөздерге өзінше анықтама берген.
Қ.Әліпбайұлы. Фото: muftyat.kz
– ...Зере анамыз өте тақуа болған. Сондайды «ана» деп айтады. Ал «шеше» деген кім? Шеше деген тек бала тууды біледі, баланы тастап кеткен, қарамаған, нянькаға беріп қойған, садикке беріп қойған, бір жерге беріп қойған адам. Балаға еңбегі сіңбеген адамды шеше деп атаған.
Енді айтайын сіздерге, қандай боғауыз сөз бар? «Шешеңнің пәленшесі» деген боғауыз бар, ал «анаңның...» деген бар ма? Жоқ. Неге? Ол да абыройсыздықтың белгісі, – деген ол.
NEGE тілшісіне түсініктеме берген теолог-ғалым Досай КЕНЖЕТАЙ Қ.Әліпбайұлының пікірін құптамайтынын айтты.
– Имамды жұрт неге кешірмейді? Себебі ол – мұсылманның сана түкпірінде «лидер». Қанша жерден зайырлы болсақ та, «Мағсум имам» концепциясы қайдан шықты? Осындай діндарлық психологиясынан. Сондықтан имам деген мәңгі емес, уақыт талабына жауап бере алмады ма, ауыстыру шарт, – дейді Досай Кенжетай.
Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде имамдар танымалдыққа ие бола бастады. Олардың желіде түрлі уағыздары жиі таралады. Оларға көпшілік «Блогер-имам», «Тиктокер-имам» деген сияқты ат қоя бастады. Қабылбек Әліпбайұлы – солардың бірі.
Бүгінде «Қабылбек ұстаз» атымен инстаграмда бірнеше аккаунт бар. Ал ресми парақшасына 77,5 мың адам тіркелген.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты Қабылбек Әліпбайұлы Жұмабековті «белгілі ұстаз» деген бір-ақ ауыз сөзбен таныстырыпты...
Балжан ЖЕҢІСҚЫЗЫ, Астана.