Халық қатысатын бюджет бағдарламасы бойынша Жетісу ауданында 18 жоба қолға алынды
Жетісу ауданына «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын іске асыруға қосымша 875 млн теңге бөлінді.
Алматы, NEGE. Жоба аясында әрбір тұрғын қаланы абаттандыру бойынша идеясын жүзеге асыра алады. Наурыз айында алғашқы өтінімдер қабылданды. Аудан тұрғындарынан 120 өтінім келіп түсті.
«Дауыс беру қорытындысы бойынша сіздер 3 226 дауыс берген 18 жоба орындалады. Оның ішінде – қоқыс контейнерлерін қазып орнату (Құлагер, Көкжиек, Көкмайса шағын аудандары және т.б.); скверлер мен саябақтарды абаттандыру (Кемел шағын ауданы, Рысқұлов даңғылы – Гастелло көшесі); иттерді серуендетуге арналған алаң салу (Айнабұлақ-3 шағын ауданы) және басқа да жобалар бар. Бұл жобалар биыл іске асырылады», - деді қала басшысы.
Қосымша қаржы бөлу туралы шешімді қала әкімі Ерболат Досаев осы бағдарламаның тиімділігі мен қала тұрғындарының оң пікірлерін ескере отырып қабылдады. Қаладағы барлық 8 аудан қосымша 7 млрд теңге алды.
Алматыда Есентай өзенінің жағалауы абаттандырылады. Көкжиек шағын ауданы тұрғындарының көптеген өтініші бойынша саябақ аймағын абаттандыру және Есентай өзенінің бойындағы Черновицкая көшесіндегі жағалау аймағын жалғастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Байқау биыл маусым айында жарияланып, жұмыс III-ші тоқсанында басталады. Жыл соңына дейін Кемел шағын ауданындағы сквер, Көкмайса шағын ауданындағы Есентай өзені арнасының жағалауы абаттандырылады.
Жетісу ауданында су басатын аумақтардағы жұмыстар аяқталып келеді.
Төтенше жағдай шеңберінде ауданда үнемі су басатын 7 учаске анықталған болатын, оның 6-да жұмыс бітті. Соңғы участок – Уссурийская көшесінің бойымен 2-ші темір жол вокзалы мен Баум тоғайына дейінгі аралықта су бұру каналының құрылысы биыл 15 маусымға дейін аяқталады.
Сонымен қатар, қаңтардан бастап 27 көшеде 26,5 км арық желісі реконструкцияланып жатыр. Бұл жұмыс 2024 жылдың IІІ-ші тоқсанында бітеді.
Маусым айында Кемел шағын ауданында ауысымына 200 адам қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі.
Ауданда алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының тапшылығын да атады. Мұны шешу үшін аудан әкімдігі Омаров көшесінде 200 келушіге, Нүсіпбеков көшесінде 300 келушіге және Рабочий посёлокта ауысымына 240 келушіге арналған емханалар үшін 3 ғимарат сатып алды.
«Осы жылдың маусым айында Нүсіпбеков және Омаров көшелеріндегі ғимараттарды күрделі жөндеу жұмыстарына байқау жариялаймыз. Жөндеуді осы жылдың тамыз айында бастап, 2024 жылдың наурыз айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. 2024 жылдың II-ші тоқсанына пайдалануға беріледі. Рабочий посёлоктағы ғимарат бойынша сатып алу шарты жасалды. Емхананы осы жылдың IV-ші тоқсанында жөндеу жұмыстары мен жабдықтар сатып алынғаннан кейін ашу жоспарланып отыр», - деді қала басшысы.