30 Наурыз 17:35
...

«Халық алдында да, ар алдында да жүзім ашық»: Тасмағамбетов мәлімдеме жасады

ҰҚШҰ
Фото: видеодан скрин

Әлеуметтік желіде айыптауларға тап болған ҰҚШҰ төрағасы Иманғали Тасмағамбетов қазақстандықтарға мәлімдеме жасады.

Алматы, NEGE. Кейбір желі қолданушылары Тасмағамбетовтың Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы қызметі мен елге деген адалдығына күмән келтірген еді. Кейбірі оны «ресейшіл», «сатқын» деп те айыптады.

Тасмағамбетов осыған қатысты пікірін білдірді.

«Ақиқат тек көзге көрінетін дүние емес, ол жүрекпен сезіліп, ардың таразысына салынады. Әлеуметтік желі жауапсыздық пен жалған ақпараттың тез тарауына жол ашады. Азаматтарды ар алдындағы жауапкершілікті ұмытпауға шақырамын», – деді ол.

Тасмағамбетов ҰҚШҰ-дағы қызметін де Қазақстанның қауіпсіздігі мен ел мүддесін қорғауға арнағанын айтты. Сондай-ақ елі үшін кез келген сынаққа төзу – өзіне мәртебе екенін жеткізді.

«Кейбір бақытсыз жандар мені «ресейшіл», «орысшыл» деп қаралап жүр. Келіссөздің күші емес, зымыранның мысы басып тұрған заманда, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына туған елімнің атынан барып, мемлекеттің мүддесі үшін от пен суға түскенім үшін сатқын болғаным ба?.. Қадірімді білмегендердің арасында еңсемді түсіргім келмейді. Жалған сөз – жара, ал ар – шындықтың қалқаны», – деді ол.

Ол қазақстандықтарды желіде тараған кез келген ақпаратқа сын көзбен қарауға шақырды.

«Әбіш Кекілбаев «Арлы адам – ең күшті адам» деген. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда ұлт бірлігі мен рухани тәуелсіздіктің маңызы ерекше. Украина мен Ресейдің арасындағы қантөгісте жеңімпаз болмайды. Бәрі де жеңіледі. Мұндай жағдайда біреудің сойылын соғу нағыз соқырлық. Ал өз ұлтына соғыс тілеу нағыз қаніпезерлік. Қазір шетелде қызмет етіп жүрсем де, ойым мен жүрегім әрдайым Қазақстанмен бірге. Елдің әр жетістігін өзімнің жеңісімдей қабылдаймын. Қызмет барысында ешқашан ұятқа қалдырар әрекетке бармадым, халық алдында да, ар алдында да жүзім ашық», – деді Тасмағамбетов.

Тасмағамбетов бұл үндеуі арқылы қоғамды сабырлыққа, ауызбіршілік пен парасатқа шақырды. Мәлімдемесін қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтаумен аяқтап, халыққа бірлік пен береке тіледі.

Айта кетейік, бұған дейін ҰҚШҰ егер Еуропа елдері Украинаға әскер кіргізген жағдайда не болатынын айтқан еді. ҰҚШҰ баспасөз хатшысы Наталья Харитонова ұйым қажетті көмек сұраған мемлекетке әртүрлі көмек көрсету мүмкіндіктерін ұсынуға дайын екенін айтқан. Кейіннен желіде осы сөзді Иманғали Тасмағамбетов айтты деген ақпараттар тараған еді.