31 Тамыз 18:51

«Хабарым жоқ!»: Әншілердің көбі ертең Жолдау болатынын білмейді

Фото:

Ертең Президент Қ.Тоқаев дәстүрлі Жолдауын жасайды. Негізгі тақырып экономика, әлеумет дегенімен, мәдениеттің де сөз болатыны анық.  

Біздің елде шоу-бизнес өкілдері өздерін «қоғамдық-саяси өмірден тыспыз» деп есептейтін сияқты. Бірді-екілісі болмаса, көпшілігі елде қандай саяси процестер жүріп жатқанынан да хабарсыз екен.

NEGE тілшісі ертеңгі Жолдаудың жайын сұрап, өнер адамдарының бірқатарына хабарласып көрді.

Қарақат Әбілдина, әнші:

Мұршам болмай жатыр

– Қарақат, ел президентінің ертеңгі Жолдауынан хабарыңыз бар ма?

– Жоқ, хабарым жоқ. Қазіргі уақытта бағдарлама түсірілімінде жүрмін. Әрі-бері қарайлауға мұршам болмай жатыр.

– Негізі, Мемлекет басшысының жыл сайын Жолдау жасайтыны дәстүрге айналған ғой. Ел азаматы ретінде биылғы науқаннан қандайда бір жаңашылдық күтесіз бе?

– Мен қандай жолдау екенін нақты оқып-біліп алайын, содан кейін өз пікірімді айтпасам, дәл қазір жауап беруге дайын емеспін. Сау болыңыз!

Гүлшарат Жұбаева, актриса:

Үмітпен күтіп отырмыз

– Иә, хабардармын. Барлығымыз бір үмітпен күтіп отырмыз ғой енді...

– Сонда сізде қандай үміт бар?

– Қаңтардың қытымыр аязына қарамастан не үшін көшеге шықтық?! Халықтың жалақысы көбейсін, азық-түлік бағасы қымбаттамасын, ел экономикасы көтерілсін, өндіріс көздері көбейсін деген талап болды ғой.

Жолдаудың жай-жапсары осы мәселелерді оңтайлы шешуге бағытталады деген ойдамын.

Медеу Арынбаев, әнші:

Әй, қайдам...

– Иә, Жолдау өтетінін естідік...

– Тағат таппай күтіп отырғандардың қатарындасыз ба?

– Жоқ, себебі алдыңғы  жолдауларды мұқият тыңдап, үміттеніп жүрген едім, қазір қалыс қалдым. Айтар, айтар... тағы бір үмітендіріп қояр...

– Десе де «Жаңа Қазақстан» дегенге орай қандай да бір жаңашылдық күтетін боларсыз?

– Әй, қайдам! Болар енді, «үмітсіз шайтан» деген ғой. Десе де аяқасты өзгеріс орнайды дегенге сәл күмәнданып қалдым. Жылдың басында түрлі жағдай болған соң, көп нәрседен үміттендік. Бастысы – ел тыныш. Амандығын берсін дейміз де қоямыз.

Мақсат Базарбаев, әнші:

Жақсылық күтемін

– Жолдаудың өтерінен хабарым бар. Бірақ оны қандай мақсатта сұрап отырсыз?

– Ел азаматы ретінде не күтесіз дегенім ғой...

– Жақсылық күтемін. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Жоғары билікте отырған ел азаматтары халықтың жағдайын ойлайды деп үміттенемін.

Жолдаудан бөлек, бүлдіршіндеріміз мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Сол ұрпақтарымызға сәттілік тілеймін! Сабақтарын жақсы оқып, ата-аналарын құрметтейтін азаматтар болып өссін.

Шахизада Байпатшанова, әнші:

Жарытып ештеңе айта алмаймын

– Өзім алыс жолдан келгем, ештеңе білмейді екенмін. Ешқандай хабарым жоқ, сол себепті сізге жарытып ештеңе айта алмаймын.

Құдайберген Бекіш, әнші:

...Бәрінің іші толған негатив

– Жоқ, Жолдау өтетінін білмеймін.

– Ел президенті жыл сайын Жолдау жасайды. Биыл қандай да бір жағымды дүние айтады және ол орындалады деп сенесіз бе?

– Болашақ жарқын болады деген үміттемін...

– Мәселен, не жақсарады деген үмітіңіз бар?

– Жақсы болады деген үміттемін. Мен әлеуметтік желідерді көп аша бермеймін. Себебі, бәрінің іші толған негатив. Бірін-бірі қарғау және жамандау, қалаберді – ұрысу, налу.

– Әйтсе де ел тағдырына қатысты саяси өзгерістерге құлақ түре жүретінболарсыз?

– Жақсы бастамалар жолдап тұратын болған соң, жақсылық болады деген үміттемін. Өмір бойы жақсы жағын қолдап келе жатырмыз ғой. Әйтсе де түйіні ертең шешіледі. Әліптің артын бағайық.

Динар Камилова, журналист.

Тегтер: