Гузель Манюрова: Менен асқан жанашыр табылса, орнымды беруге дайынмын

Әйелдер күресінен Токио Олимпиадасында белдескен үш қазақстандық балуан бірінші айналымнан өте алмады. Сарапшы мамандардың айтуынша, бұл алдыңғы олимпиадамен салыстырғанда төмен нәтиже.
ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Гузель Манюрова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Nege.kz порталының тілшісі жолдаған сауалға жауап берді. Токио Олимпиадасында әйелдер күресіне жауапты адам ретінде Манюрова отставкаға кетуге дайын ба?
Гузель Манюрованың айтуынша, әйелдер күресі тосын оқиғаларға толы көрінеді. Жеңіп тұрып, жеңілуің де әп-сәтте екен.
«Мен бұл сұраққа толығырақ жауап берейін. Өйткені биылғы Олимпиадаға спортшылармен бірге өзім де бардым, жаттықтыру залдарында балуандармен бірге жүрдім. Статистика бойынша, 50 кг салмақтан бастасақ, Валентина Исламова Олимпиада ойындарына дейін екі ай бұрын Польшадағы турнирде эквадорлық спортшыны жеңген болатын. Ол эквадорлық спортшымен Олимпиада ойындарында да кездесті. Яғни, Валентина ол спортшыны оңай жеңуі керек еді. 53 кг салмақта Татьяна Аманжол Олимпиада жолдамасын жарақаттарына қарамастан үлкен ерлікпен жеңіп алған болатын. Ол да польшалық спортшыны оңай жеңуі тиіс еді. Бірақ польшалық спортшы ауыр салмақ дәрежесінде көтерілді. Сол себепті, бұл жерде физика жетіспеді. Эльмира Сыздықовада өтуі тиіс еді. Азия чемпионатында қырғыз спортшысын таза жеңген. Жеңіс оның да қолында болды.
- Өкінішке орай, әйелдер күресі күтпеген жағдайларға толы, статистикаға бағынбайды. Өзімнің мысалымда айтсам, Риода финалға шыққанда үздіктердің қатарында болған ресейлік спортшымен белдестім. Кездесудің бітеріне 20 секунд қалғанда бәрі түбегейлі өзгерді. Мен ресейлік спортшыны жеңіп кеттім. Айтып отырмын ғой, әйелдер күресі тосын жағдайларға толы. Логика бойынша өтуі тиіс спортшылар кейде өтпей қалып жатады. Спортшыларға сәттілік жетіспеді, өз күштерін дұрыс бағаламады. Сондай-ақ балуандарға психологиялық қысым да болды. Олимпиаданың 5 жылға созылуы да әсер етті, - деп түсіндірді Манюрова.
Осы спорт түріне жауапты өкіл ретінде, орнын босатып беруге дайын екенін де жеткізді.
«Егер күресті менен де артық білетін адам табылса, әйелдер күресіне менен де артық жанашыр адам болса, онда мархабат! Мен өз орнымды ұстап отырған жоқпын. Нағыз Олимпиада чемпионын дайындайтынын таза іспен дәлелдесе, мен дайынмын», - деді Манюрова.