Сақина салған сүйіктісін неге жасырып жүр? – Гүлмира Дайрабаева қыздарға «дипломатиялық» кеңес берді
Гүлмира Дайрабайды телекөрермен «Таңшолпан» арқылы таныды. Бірнеше тілде еркін сөйлейтін оны шоу бизнестегі сұранысы жоғары жүргізуші деуге әбден болады. Ара-тұра телехикаялардан да төбе көрсетіп тұратын замандасымыз мансап жолында телекеңістікті таңдамады. Қазір ол Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы және Қоғаммен байланыс департаментінің директоры лауазымында.
– Гүлмира, сізге уақыт легі керісінше әсер етіп жатқан сыңайлы ғой. Бұл сұлулық индустриясының жемісі ме, әлде күтіміңіз күшті ме?
– Шынымды айтсам, керісінше, менде күтім жоқтың қасы. Ал егер өзіңіз айтып отырғандай, сұлулық индустриясына жүгінсем, баяғыда модель болып кетер ме едім, кім білсін.
Барым – осы. Уақыт жоқ болғанның арқасында үнемі жинақы әрі тәртіппен жүремін. Уақытылы ұйықтаймын, жаттығу жасаймын, шпагатқа отырамын, көп жаяу жүрем. Айтпақшы, кішкентайымнан кәмпит, мәмпәси сияқты тәттілер жемеймін. Кім білсін, мүмкін соның да әсері бар шығар.
– Сіз қазақ әйелдері арасында қалыптасқан «жасым өтіп кетті» дейтін қағиданы бұзып, қырықтан асқан шағыңызда шетелде білім алып қайттыңыз. Нар тәуекел жолында қандай құрбандыққа баруға тура келді?
– Біздің қоғамда отыздан асқандар арасында «Aging stereotype» – яғни «Қартаю стереотипі» қалыптасқаны рас. АҚШ-қа академиялық оқуға түсу оңай шаруа емес екенін шегелеп айтқым келеді. Себебі мен академиялық дәрежедегі талабы зор жолды таңдадым. Неге десеңіз, мен оқыған университет әлемдегі сапалы білім беретін ондыққа енеді. «Құласаң, нардан құла» демекші, оның ішінде Мемлекеттік басқару және саясат мамандығына таңдау салдым.
Шүкір, телеарнада бағым жанды. Ол үшін әр көрерменіме алғысым шексіз! Дегенмен, соның бәрін бір сәтте артқа тастап, қияндағы жерге кету – бұл сынақтың көкесі. Қазір кампуста тұрып, автобус, метромен қатынап, қалаберді қанша жаяу жүріп, емтианға дайындалу үшін кітапханада үш күн түнеген кездерім көрген түс сияқты. Шәкіртақы аз болғандықтан қара жұмыс та істедім. Сөйте жүре факультет сенаторы болып қосымша қоғамдық жұмыс атқардым. Енді «Қиындық менен қорықсын!» деп именбей айта аламын.
– Біздің қоғам қазан-ошақтан алыстаған қыз-келіншектерді құп көрмейді. Бұған көзқарасыңыз қалай?
– Көпке топырақ шашпай-ақ қояйын, дегенмен қазақ әйелдері мықты, бәріне үлгереді. Қазан-ошақты да, бала-шағаны да, оқып білім алуды да қатар алып жүре алады. Бұрынғылар «қыздың қырық жаны бар» деп бекер айтпаған ғой. Әйел табиғаты мықтылығымен ерекшеленеді. Ешкімге қарсы тұрмай-ақ, жұмсақ, дипломатиялық жолмен жүріп, жетістікке жету өз қолымызда.
– Гүлмира Дайрабай, Ләззат Танысбай, Қымбат Досжан, Айгүл Мүкей сынды сұлулар көрерменнің көз алдында қазақ телевизиясының жарқын жұлдыздары саналады. Ал бүгінгі жас жүргізушілерді тіпті көшеде көріп қалса да, көпшілік тани бермейді. Неге?
– Себебі біз тұлғалық қөзқарас мықты қалыптасқан уақытта танылғанбыз. Сонымен қатар телевидение саласының нағыз солдаты бола білдік.
– Жоғарыда аты аталған әріптестеріңіздей бір медиакеңістікті тізгіндеп отыруға қабілетіңіз жетер еді. Неге өйтпедіңіз?
– Рас, өзіңіз айтып отырғандай, қолымнан келетіні даусыз еді. Себебі оған білімім де, тәжірибем де жеткілікті болды. Дейтұрғанмен, бәрі сәтімен болады. Мемлекеттік басқару және Саясат магистрі ретінде экономикалық саланың қыр-сырын түсініп, осы жолда ел игілігіне жарайтын жұмыс атқарсам деймін. Айта кетейін, мемлекеттік қызмет саласында ротация деген норматив қарастырылған. Соған сәйкес, қазір мен Электрондық қаржы орталығы төрағасының кеңесшісі қызметіне де шақырылдым.
– Сізге сақина салған ер азамат қандай қасиетімен баурап алды?
– Айып етпеңіз, жеке өмірім жайлы айтқанды жөн көрмеймін.Тек бағалауға тұрарлық ер азамат болғаны деп қана қабылдаңыздар.
– Желідегі жұртқа блогерлікпен танылған үлкен ұлыңыз Артур тамыз айында сүйіктісмен таныстырған еді. Тойға қызу дайындық жүріп жатқан болар?
– Әр нәрсенің өз уақыты бар. Сәтімен болсын деймін.