Грузия Temu тарапынан демпинг жасалып жатқанына шағымданды
Грузияның Бәсекелестік жөніндегі агенттігіне қытайлық Temu маркетплейсіне қатысты шағым түсті. Онда онлайн-платформаға демпинг жасап, адал бәсекелестікке мүмкіндік бермей отыр деген айып айтылған.
Астана, NEGE. Грузиялық кәсіпкерлерге өз нарығында жұмыс істеу қиындап барады. Пошта және курьерлік компаниялардың мәлімдеуінше, қытайлық Temu сауда платформасы салаға үлкен қиындықтар туғызуда, оған жергілікті Грузия поштасы ықпал етіп отыр.
Электронды коммерция қауымдастығының басшысы Тамара Гоголашвилидің айтуынша, Georgian Post Temu-мен демпингтік бағамен жұмыс істеп жатыр. Бәсекелестік жөніндегі агенттікке қытайлық маркетплейстің Грузия аумағындағы қызметінің адалдығын тексеру туралы өтініш те жолданған.
«Temu іс жүзінде жергілікті компанияларды барлық жерден ығыстырды. Алғашқы кезеңде ол нарыққа грузин инфрақұрылымын пайдалану арқылы кірді. Бірақ кейіннен өз ресурстарын қолданып, жергілікті компаниялармен тек өте төмен бағалар ұсынған жағдайда ғана жұмыс істей бастады.
Біздің білуімізше, ең төмен бағалардың бірін Georgian Post ұсынып отыр. Бұл – іс жүзінде демпингтік баға. Біз сондай-ақ Ұлттық антимонополиялық агенттікке осы тарифтерді тексеруді сұрап жүгіндік. Өйткені егер қызметтер осындай бағамен көрсетілсе, бұл – өте алаңдатарлық жағдай.
Әсіресе Georgian Post біздің – салық төлеушілердің қаржысы есебінен қаржыландырылатынын ескерсек. Оның қандай да бір мақсатта, мәселен, халықаралық интернет-дүкенге артықшылық беру үшін шығынмен жұмыс істеуіне жол берілмейді. Мұндай жағдайда түптің-түбінде грузиялық тұтынушыға да, салық төлеушілерге де зиян келтіруі мүмкін», – деді Грузияның электронды коммерция қауымдастығының басшысы Тамара Гоголашвили.
Сонымен қатар қытайлық Temu платформасы Грузиядағы электронды сауда саласына да қиындықтар туғызған. Салалық қауымдастықтың мәліметінше, 2025 жылы компанияла 2024 жылмен салыстырғанда аз табыс тапқан.
Грузиялық кәсіпкерлер Бәсекелестік жөніндегі агенттік, Экономика министрлігі және Қаржы министрлігі өкілдерімен бірлескен кездесу өткізуді талап етіп отыр. Олар отандық бизнесті қорғау үшін Грузияда жаңа ережелер енгізуді ұсынбақ. Мысалы, ЕО мен АҚШ-та арзан сәлемдемелерге қосымша салық салу тәжірибесі енгізілген.
Айта кетейік, 15 сәуірден бастап шетелден жасалған тапсырыстардың ақысын төлеу үшін Bank of Georgia қосымша комиссия ала бастайды. Комиссия төлем сомасының 1,5%-ына тең және шетелдік платформалардағы барлық сауда-саттыққа қолданылады. Олардың қатарында Temu, PayPal, Wizzair, Turkish Airlines және басқалары бар.
Комиссия 5 грузин лариінен (шамамен 905 теңге) асатын кез келген сатып алуға есептеледі. Ал комиссияның ең жоғары мөлшері 10 лариден (шамамен 1810 теңге) аспайды. Банктің ресми сайтында бұл өзгерістер шетелдік тамақ жеткізу және такси қызметтеріне қатысы жоқ екені айтылған.
2025 жылдың басында Қазақстандағы «Ақ жол» партиясы да шетелдік маркетплейстер мәселесін көтерген болатын. Депутаттардың пікірінше, әлемдегі ең ірі өндіруші елмен көршілес орналасқан Қазақстан үшін ұлттық мүддені қорғауға бағытталған шешімдер қажет. Бұл отандық өндірушілерді қолдауға, бюджет кірістерін арттыруға және жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік береді.