3 Наурыз 10:24

Гөзал Айнитдинова Қазақстан чемпионатының абсолютті жеңімпазы атанды

 Гөзал Айнитдинова
Фото: bassport.kz

Астанадағы «Дәулет» теннис орталығында ересектер арасында Қазақстан қысқы чемпионаты мәресіне жетті.

Алматы, NEGE. Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Гөзал Айнитдинова жекелей және жұптық сында үздік шығып, абсолютті чемпион атанды.

Әйелдер арасында финалда тәжірибелі Г.Айнитдинова 16 жасар Альбина Кәкенованы сынап көрді. Бірінші партияда Гөзал 6:4 есебімен басым түссе, екіншісінде Альбина есе қайтарды – 7:5. Дегенмен шешуші сетте Айнитдинова айқын басымдылық танытты – 6:1.

Осылайша, Гөзал ел біріншілігінде бесінші рет жеңімпаз болды. Гөзалды да, Альбинаны да Марат Шәріпов баптап келеді.

Жанель Рүстемованы 6:3, 7:6 (7:2) есебімен сүріндірген Сәтима Төреген үшінші орынға көтерілді.

Ерлер арасында соңғы бәсекеде Арсланбек Айтқұлов пен Григорий Ломакин жолығысты. Ломакинді 6:2, 7:6 (9:7) есебімен сүріндірген Айтқұлов спорттық жолында алғаш рет Қазақстан чемпионы атанды. Ол өткен жылы финалда жеңіліс тапқан еді.

Виталий Зацепиннен 6:4, 6:3 есебімен айласын асырған Ілияс Маратұлы қола жүлдеге ие болды.

Жұптық сын қорытындылары мынадай болды.

Ерлер:
1.Григорий Ломакин - Алексей Кедрюк,
2.Артур Хайрутдинов - Максим Батютенко,
3.Александр Черномаз - Арсланбек Айтқұлов.
Әйелдер:
1.Гөзал Айнитдинова - Жанель Рүстемова,
2.Асылжан Арыстанбекова - Сандуғаш Кенжебаева,
3.Мария Синицына - Татьяна Николенко.