USD
USD
USD

Гонконгта Alatau City Roadshow инвестициялық дөңгелек үстелі өтті

ҚХР-дың Гонконг Арнайы әкімшілік ауданына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Лимен кездесті.

Алатау сити
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Тараптар Қазақстан мен Гонконг арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен даму перспективаларын, сондай-ақ қаржы, технологиялық және инновациялық салалардағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылады.

Сапардың іскерлік бағдарламасының жалғасы ретінде Қанат Бозымбаев пен Джон Ли Гонконгтың ірі инвестициялық қорларының, қаржы институттарының, технологиялық компаниялары мен іскерлік қауымдастықтарының өкілдерін біріктірген Alatau City Roadshow инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты.

Алатау сити
Үкіметтің баспасөз қызметі

Қатысушылардың назарына Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылып жатқан жаңа экономикалық өсу орталығы – Alatau City-дің инвестициялық әлеуеті ұсынылды. Сонымен қатар арнайы құқықтық режимнің мүмкіндіктері, инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ қаржы, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, Web3-индустриясы және инновациялық қалалық инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары таныстырылды.

Іс-шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Қанат Бозымбаев Қазақстанның Гонконгты Азиядағы жетекші халықаралық қаржы орталықтарының бірі және инвестициялар, технологиялар мен құзыреттерді тарту үшін маңызды алаң ретінде қарастыратынын атап өтті. Гонконг компаниялары мен қаржы институттарының Алатау қаласындағы жобаларды іске асыруға қатысу перспективаларына ерекше назар аударылды.

«Гонконг әлемдік қаржы жүйесінде ерекше орын алады және халықаралық инвестициялар, капиталды басқару және трансшекаралық жобаларды іске асыру үшін негізгі алаңдардың бірі болып қала береді. Дәл сондықтан біз үшін Алатау жобасын Гонконгтың инвестициялық және іскерлік қоғамдастығына таныстыру маңызды. Қазақстан тарихында алғаш рет түсінікті қағидаларға, инвесторлардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ реттеудің үздік халықаралық стандарттарына басымдық бере отырып, Гонконгта қолданылатын тәсілдермен көп жағдайда үндес келетін арнайы құқықтық режимі бар қала құрылуда», – деді Қанат Бозымбаев.

Алатау сити
Үкіметтің баспасөз қызметі

Өз кезегінде Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Ли серіктестікті кеңейтуге мүдделілігін атап өтіп, екі тараптың бизнес-қоғамдастықтары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға қолдау білдірді.

«Қазақстан экономикасы 6,5% деңгейінде тұрақты өсімді көрсетуде. Мен ел дамуының серпініне және іскерлік белсенділіктің жоғары деңгейіне жеке өзім көз жеткізе алдым. Жүргізіліп жатқан реформалар, ашықтық және инвесторларға деген қолайлы көзқарас одан әрі ынтымақтастық үшін бірегей мүмкіндіктер жасайды. Біз серіктестік байланыстарды нығайту үшін осы оң серпінді пайдалануға ұмтыламыз», – деп атап өтті ол.

Дөңгелек үстел аясында Alatau City Authority мен цифрлық технологиялар және инновациялар салаларындағы жетекші корпорациялар арасында ынтымақтастық туралы 6 келісім-шарт пен меморандумдарға қол кайылды. Алатауға инвестиция салуға Alipay цифрлық жүйесін қамтитын ірі финтех-компания – ANT Digital Technologies ерекше қызығушылық танытты. Бұдан басқа, Алатау сити жобаларына бастапқы кезеңде Web3 технологиялары мен цифрлық активтерді дамыту саласындағы жетекші халықаралық ұйымдардың бірі – Solana Foundation қатысуға шешім қабылдады. Құжат Alatau City инновациялық экожүйесін дамыту, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу, технологиялық стартаптарды қолдау және блокчейн-технологиялар саласында мамандар даярлау бойынша өзара іс-қимылды көздейді. Іс-апар аясында Dasco Capital және Templewater компаниялары арасында Қазақстан мен Орталық Азия экономикасына инвестиция салу үшін бірлескен тікелей инвестициялар қорын құру жөнінде меморандумға қол қойылды. Алатау Сити жобалары жаңа қордың инвестициялау бойынша басым бағыттарының бірі болады.

Алатау сити
Үкіметтің баспасөз қызметі

Бағдарламаның жеке іс-шарасы Қанат Бозымбаевтың Гонконгтің «бизнес капитандарымен» – Henderson Land, Far East Consortium, Sunwah Group, Bosera Asset Management және өңірдің басқа да ірі инвестициялық қорларының, қаржы институттары мен корпорацияларының құрылтайшыларымен кездесуі болды. Халықаралық инвесторлар серіктестікке және Алатау қаласының аумағында бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендіктерін білдірді.

Қазақстандық делегацияның Гонконгқа жұмыс сапары Alatau City-дің инвестициялық әлеуетін халықаралық аренада ілгерілетудің маңызды кезеңі болды. Қол жеткізілген уағдаластықтар Алатау қаласының аумағында стратегиялық жобаларды іске асыруға инвестициялар, технологиялар мен халықаралық серіктестерді тарту үшін қосымша мүмкіндіктер жасайды.

Қазір оқып жатыр

Астана мен Алматыда тұрғын үй саудасы баяулаған

Астана

Әл-Фараби даңғылындағы апат: жәбірленуші тарап адвокаттардан бас тартты

.

Сенат рақымшылық жасау туралы заңды мақұлдады

Кісен

Үкіметтің ERG-дегі 40% үлесі «Самұрық-Қазынаға» берілуі мүмкін

 ERG