Голливудқа бергісіз сценарий: «Халық банкті» тонаған кім?
Кеше «Халық банктің» Павлодардағы бөлімшесін әлдекімдер сыпырып-сиырып тонап кеткен. Тонағанда да жәй тонамаған, дәп бір кинодағыдай баппен келген ғой...
Банк басшылығы мен құқық қорғау органдары бұл оқиғаны қанша жасырып-жапқанымен, Павлодардағы тұрақты оқырмандарымыз арқылы біз кейбір жайтты анықтап үлгердік.
Оқырманымыздың айтуынша, ұрылар түнде банк бөлімшесіне кіріп, ондаған ұяшықтағы заттарды көтеріп әкеткен. Ұрылырдың әрекетінен жапа шеккендердің жалпы саны – 86.
Кез келген банктің әлгіндей ұяшықтарында әртүрлі заттар сақталатыны белгілі: мәселен күнделік, фотоальбом, ақша, құнды әшекей бұйымдар, қымбат қолсағат, антиквариат картина, тіпті әлдекімдерге компромат та болуы мүмкін.
Ұрылардың нақты қандай заттарды үптеп кеткені әзірге белгісіз. Кейбір зардап шегушілер миллиондаған теңгесінен айырылғанын айтса, енді біреулері арыз жазудан мүлдем бас тартыпты. Бас тартқандар кімдер екенін ішіңіз сезіп отырған болар, олар мемлекеттік қызметшілер, банкирлердің өздері немесе күштік құрылым өкілдері болуы әбден мүмкін.
Тағы бір мына мәселе көңілге күдік ұялатты: «Халық банктің» Павлодардағы тоналған бөлімшесі совет үкіметі кезінде салынған тұрғын үйде орналасқан көрінеді. Түрлі көршілері бар, жертөлесі де бір дегендей. Мұндай «батпан құйрыққа» ұрылардың көзі түспегенде қайтуші еді?
Банк басшылығы түндегі оқиға туралы әзірге ресми мәлімдеме жасамады. Шетелде тұратын бас акционерлерінің ұйқыдан оянғанын күтіп отырған болар, бәлкім?..