Референдум Референдум
17 Ақпан 10:37
...

Гинекологқа қаралу оразаны бұза ма? Денсаулыққа қатысты маңызды 10 сұрақ

ЖИ көмегімен жасалған
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Ораза – мұсылмандар үшін парыз ғибадаттардың бірі. Кейде ораза ұстап жүргенде денсаулықты сақтау немесе ауруды емдеу үшін түрлі медициналық шараларды қолдану қажет болуы мүмкін.

Референдум

Алматы, NEGE. Инемен емдеу, екпе, хиджама, тіс емдеу немесе гинекологиялық тексеру сияқты шаралар оразаны бұза ма? Аталған сұрақтардың жауабын «Оразаға қатысты 200 сұрақ» кітабынан іздеп көрдік.

Гинекологқа қаралса, әйелдің оразасы бұзыла ма?

Гинекологқа тек ауыз ашқаннан кейін қаралған абзал. Ханафи мәзһабында ораза кезінде қаралған жағдайда сұйықтық немесе жарылған зат әйелдің дәретіне (ішкі әуретке) түскен болса, оразасы бұзылады. Сонымен бірге, қандай да бір зат ішкі әуретке түгелдей салынса, ораза бұзылады. Мысалы, ішкі әуретке «тампон» түгелдей енсе, яғни оның бір бөлігі сыртта қалмаса, ораза бұзылады.

Бірақ толықтай салынбаса және құрғақ болса, онда ораза бұзылмайды.

Вагиналды ультрадыбыстық зерттеу оразаны бұза ма?

Вагиналды УДЗ құрылғысы дененің сыртына да, қынап жолдарына да қолданылады. Сондықтан аталған құрылғы әртүрлі жақпаларды қолданып, сырттай пайдаланған жағдайда оразаны бұзбайды.

Ал егер құрылғының басына жағылған жақпалар қынап арқылы ішке кіретін болса, ораза бұзылады. Сондықтан мүмкіндігінше сақ болу керек.

Инемен емделу оразаны бұза ма?

Инемен емделу оразаны бұзбайды. Ине адамның терісіне, яғни жүйке нүктелеріне салынады. Бұл жағдайда ағзаға ешқандай қорек бармайтыны белгілі.

 Рамазан айында хиджама жасату оразаны бұза ма?

«Хиджама оразаны бұзады» деген хадистің негізгі мағынасы – хиджама адамды қатты әлсіретеді деген сөз. Алайда ол оразаны бұзбайды. Бірақ хиджама жасату кезінде әлсіреп, аузын ашып қойған адам оразаның сауабынан айырылып қалуы мүмкін.

Клизма оразаны бұза ма?

Клизма оразаны бұзады және бір күн қазасын өтеу қажет.

 Ер кісінің жыныстық мүшесінің ұшына дәрі тамызса, оразасы бұзыла ма?

Әбу Ханифа мен оның шәкірті Имам Мұхаммедтің пікірінше, бұл жағдайда ораза бұзылмайды.

Қан алдыру оразаны бұза ма?

Ораза кезінде түрлі себептермен денеден қан алу оразаны бұзбайды. Дегенмен, қан алдыру иммунитеттің әлсіреуіне, нәтижесінде оразаны бұзуға мәжбүр ететіндей болса, ораза кезінде қан алдыру мәкруһ болып саналады.

Көзге, құлаққа және мұрынға дәрі тамызу оразаны бұза ма?

Көзге дәрі тамызу оразаны бұзбайды. Ал мұрынға және құлаққа дәрі тамызу оразаны бұзады.

Демікпе ауруы немесе аллергиясы бар кісілер тыныс жолдарын ашу үшін спрей қолданса, және спрей мұрынға шашылғанда ішке түспей, мұрын қуысы немесе тыныс жолдарында қалатын болса, оразасы бұзылмайды. Десе де, оразаның бұзылу қаупі жоғары болғандықтан, бұл дәрілерді мүмкіндігінше абайлап қолданған абзал.

Ораза кезінде тіс салдыруға бола ма?

Ораза кезінде тіс салдыруға да, тісті емдеп немесе жұлуға да рұқсат. Тіс салдыру барысында қызыл иекті жансыздандыру мақсатында салынған ине оразаны бұзбайды.

Алайда емдеу немесе тіс салдыру барысында емдік мақсатта салынған дәрі және тістен шыққан қан тамаққа түспеуін қатаң қадағалау қажет. Бір тамшы болса да тамаққа дәрі немесе қан кіріп кетсе, ораза бұзылады.

Сондықтан мүмкіндігінше тіс салдыру, емдеу және басқа шараларды ауызашардан кейін немесе Рамазаннан кейінгі күндерге қалдыру абзал.

Денсаулыққа тигізетін пайдасын ойлап, «бір ай ауыз бекітсем, іш құрылысым тазарып, жақсы болады» деген оймен ауыз бекітуге бола ма?

Мұндай ниетпен ораза тұтқан адамның оразасы дұрыс емес. Ауыз бекітудегі басты мақсат – Алланың разылығы. Әйтпесе, сауаптан құр қалады.

Ауыз бекіту адамның іш құрылысына белгілі бір деңгейде пайдасын тигізетіні сөзсіз. Алайда арықтау немесе денсаулығын жақсарту үшін ораза ұстау – құлшылық емес. Бұл адамның өзінің жеке пайдасы. Ниеті Алла разылығы үшін болса, сол ықыласына сай Алла Тағала оның дертіне шипа береді.

Референдум