Ғылыми жобалар мен студенттердің гранттарына арналған «Ясауи Эндаумент» қоры ашылды
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» атты ІІ Түлектер форумы өтті.
Түркістан, NEGE. Айтулы жиынға бүгінге дейін Ясауи университетінде білім алған түлектер мен ардагер ұстаздар және студенттер, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Түлектер форумы аясындағы ең маңызды шара – «Ясауи Эндаументі» қорының ашылуы болды. Айта кетейік, қор – университет түлектерінің бастамасымен құрылды.
Эндаумент — көптеген шетелдік және отандық университеттерде бұрыннан пайдаланылатын, университеттік қауымдастықты (білім алушылар мен ОПҚ) қолдауға арналған мақсатты қор.
Қордың негізгі мақсаты – университет үшін стратегиялық маңызды жобалардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету. Қордың міндеті – қайырымдылықты көптеп тарту арқылы капиталды қалыптастыру мен ұлғайту. Алынған инвестициялық табысты түрлі гранттарға, студенттік стипендияларға, ғылыми жобаларға жұмсау. Сондай-ақ, талантты да дарынды студенттерге қолдау көрсету.
Айтулы қордың ашылуы – оқу орда тарихында қалатын қуанышты жаңалықтың бірі.
Қордың құрылтайшылары – 2001 жылғы түлек, Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов пен 1996 жылғы түлек, Түлектер қауымдастығының төрағасы Мариям Асанова. Ал, қордың Қамқоршылық Кеңес мүшелері: «Білім, ғылым және мәдениетті үздіксіз жетілдіру» Халықаралық қауымдастығының президенті Бақдаулет Бегалиев, Түркістан облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев, журналист, Түркістан «Turkistan» Медиа Холдингінің Халықаралық жобалар бөлімінің продюсері Самат Сүлей.
Қордың Қамқоршылық Кеңес мүшесі Асылан Ибадуллаев:
«Құрметті түлектер мен студенттер, барлығыңызды салтанатты сәтпен құттықтаймын! Эндаумент – әлемде дамып жатқан аса маңызды қор.Қор алдағы уақытта ғылыми жобалар мен студенттердің гранттарына септігін тигізеді. Бұл өте үлкен қажеттілік, әрі қайырымды іс. Қор қаржысы тиянақты түрде игі істерге жұмсалады деп сенеміз! Ясауи университеті үлкен жетістіктерге жете берсін!», - деді.
Келесі кезекте, Қордың құрылтайшысы, Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов:
«Бүгін – университет тарихындағы маңызды күн деп білеміз. Себебі университетімізде Эндаумент қорының ашылуы – білім-ғылым жолында, студенттердің болашағы үшін үлкен мүмкіндік. Бұл бастама – оқу ордамыздың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, оның ары қарай дамуына септігін тигізетін қор болады деп сенеміз. Қорға қосқан әр үлес – университетіміздің өркендеуіне, оның әлемдік деңгейдегі білім мен ғылыми зерттеу орталығына айналуына сеп болмақ. Осы игі іске ат салысқан баршаңызға алғыс білдіремін!», - деді.
«Қазақстан Халық банкі» АҚ Түркістан облыстық филиалының директор орынбасары Нұрбол Нұсқабеков:
«Күні кеше ғана қордың соңғы құжаттарын рәсімдеп, Эндаумент қорының шотын ашып, QR қосымшасын әкелдік. «Халық банк» бағдарламасы арқылы, қорға өз үлестеріңізді қоса аласыздар.Халық банктың филиалдарында сіздердің түлектеріңіз де қызмет атқарады. Қатарымыздағы түлектер саны жыл сайын артуда. Бұл үлкен қуаныш! Халық банк – серіктес банк ретінде университетке әрдайым демеушілік көрсетеді. Алдағы уақытта қорға да үлес қосамыз деген сенімдеміз!», - дей келе, қордың QR нұсқасын Мариям Асановаға салтанатты түрде табыстады.
«Ясауи Эндаументі» қоры жұмысын бастаған сәттен-ақ, оған үлестерін қосқан түлектер көп болды. Алғашқылардың бірі болып, 1995 жылғы түлектер қауымы қорға 10 миллион теңге аударды. Бұл туралы «Білім, ғылым және мәдениетті үздіксіз жетілдіру» Халықаралық қауымдастығының президенті Бақдаулет Бегалиев мәлімдеді.
Ол өз құттықтауында:«Біз 1991 жылы оқуға түсіп, алғашқы түлектер қатарында болдық. Бүгінгі таңда елге қызмет етудеміз. «Ясауи Эндаументінің» құрылғанына өте қуаныштымыз! Университеттің жоғары жетістіктерге жетуіне, студенттерге мол мүмкіндіктер ұсынуын тілейміз!», - деді.
Осылайша, тұсауы жаңа кесілген қорға оқу орда жанашырлары, әр жылдары бітірген түлектер мен студенттер де үлес қосып бастады.