USD
USD
USD

Германиямен ғылыми-технологиялық ынтымақтастық Қазақстан экономикасына қандай мүмкіндік береді?

Қазақстан мен Германия арасындағы білім, ғылым және технология салаларындағы ынтымақтастық жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапары барысында жоғары білім мен ғылыми зерттеулерді дамыту, технологиялар трансферін кеңейту, жасанды интеллект пен суперкомпьютерлік технологияларды игеру, сондай-ақ бірлескен өндірістер құру мәселелеріне баса мән берілді.

Анель Киреева
Фото: Анель Киреева

Астана, NEGE. Профессор, Экономика институтының ғылыми қызметкері Анель Киреева Қазақстан-Германия әріптестігінің экономикалық тиімділігі ең алдымен ғылыми әзірлемелерді нақты өндіріске енгізу, отандық инженерлік және цифрлық құзыреттерді дамыту арқылы көрінуі мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша, білім беру мен ғылымды өндірістің нақты міндеттерімен байланыстыру кәсіпорындардың өнімділігін арттырып, жаңа жұмыс орындары мен технологиялық жобалардың қалыптасуына ықпал етеді.

Ғалым Қазақстан үшін технологияны дайын күйінде қабылдаумен шектелмей, оны әзірлеу, бейімдеу және кейін техникалық сүйемелдеу кезеңдерінде отандық компаниялардың үлесін арттыру маңызды екенін айтты. Бұл бағытта Германияның технологиялық тәжірибесін қазақстандық ғылыми және цифрлық инфрақұрылыммен ұштастыру жоғары қосылған құны бар жаңа өнімдер мен технологиялық бизнестің дамуына мүмкіндік береді.

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға сапары барысында білім мен ғылымнан бастап, технологиялар трансфері мен бірлескен өндірістерге дейінгі Қазақстан-Германия ынтымақтастығын одан әрі дамытудың нақты бағыттарын айқындады. Мемлекет басшысының бұл тәсілін Қазақстанның ұзақ мерзімді экономикалық дамуы тұрғысынан қалай бағалайсыз?

— Мен бұл тәсілді, ең алдымен, еліміздің болашақ экономикасының дамуы тұрғысынан оң бағалаймын. Президент білім, ғылым және өндірісті өзара тығыз байланыста қарастырып отыр. Бұл өте маңызды деп санаймын, өйткені қазіргі заманғы кәсіпорындарға технологиямен қатар, сол технологияларды тиімді қолдана алатын және өздерінің төл әзірлемелерін жасайтын мамандар қажет.

Бүгінде бізде жақсы негіз қалыптасқан. Қазақстандық жоғары оқу орындары Германияның шамамен 100 серіктесімен ынтымақтастық орнатқан. Президент атап өткендей, қазір Германияда Қазақстаннан келген екі мыңға жуық студент білім алып жатыр. Мемлекет басшысының шетелдік сапарларында қазақстандық студенттермен және отандастармен кездесуге көңіл бөлуі де маңызды. Президент қай елге барса да, сол жерде білім алып, еңбек етіп жүрген қазақстандықтармен жүздесіп, олардың жағдайы мен ұсыныстарын тыңдауға мән береді.

Ендігі қадам – осы байланыстарды Қазақстан экономикасының нақты міндеттерін шешуге бағыттау. Экономист ретінде мен үшін басты мәселе – бұл ынтымақтастықтың ел ішінде қандай қайтарым беретінінде. Мысалы, бірлескен әзірлеме кәсіпорынға энергия шығынын азайтуға немесе өнім сапасын арттыруға мүмкіндік берсе, оның экономикалық нәтижесі бірден байқалады. Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі артып, жергілікті жеткізушілерге жаңа тапсырыстар түседі және білікті мамандар үшін жұмыс орындары ашылады.

Мұндай тәсіл өңірлер үшін де маңызды. Университет өндіріс орындарымен тығыз ынтымақтастық орнатқан кезде жастардың жаңа мамандық игеріп, өз туған жерінде лайықты жұмыс табуына мүмкіндік артады.

Әрине, мұндай инвестициялардың тиімділігі бірден байқалмайды, оның нәтижесі біртіндеп қалыптасады. Алайда елдің тұрақты экономикалық өсімі үшін өз мамандарымыздың, зерттеу топтарымыздың және технологиялық құзыреттеріміздің болуы аса маңызды. Сондықтан мен бұл ынтымақтастықты Қазақстанның неғұрлым күрделі әрі жоғары қосылған құны бар өнімдерді өз бетінше әзірлеп, өндіру қабілетін нығайтатын мүмкіндік ретінде бағалаймын.

— Президент білім алмасудың дәстүрлі моделінен бірлесіп білім қалыптастыруға көшуді, қос дипломды білім беру бағдарламаларын, бірлескен зерттеулер мен технологиялық әріптестікті кеңейтуді ұсынды. Германияның білім және ғылым жүйесімен осындай жақындасу Қазақстанға қандай экономикалық нәтиже бере алады?

— Оқытушы және зерттеуші ретінде білімді бірлесіп қалыптастыру идеясын ерекше қолдаймын. Мамандарымыз зерттеуге бастапқы кезеңнен қатысқан кезде, олар міндет қою, тәжірибе жүргізу және алынған нәтижелерді тексеру бойынша практикалық тәжірибе жинақтайды. Ғылыми және инженерлік командалар дәл осындай жолмен қалыптасады.

Қарапайым мысал келтірейін: кәсіпорын энергия шығынын азайтуды көздеді делік. Университет мамандары неміс әріптестерімен бірлесіп өндірістік процесті зерттеп, нақты шешім ұсынып, оны тәжірибе жүзінде сынақтан өткізе алады. Нәтижесінде кәсіпорын шығынын азайтады, ғалымдар зерттеу нәтижесіне қол жеткізеді, ал студенттер нақты өндірістік міндетпен жұмыс істеу тәжірибесін алады. Осындай өзара тиімді байланыс серіктестіктің экономикалық мәнін көрсетеді.

Қос дипломды білім беру бағдарламалары да мазмұнды даярлықпен, тәжірибемен және жұмыс берушілердің қатысуымен ұштасқан жағдайда тиімді болмақ. Сонымен қатар түлектің алған білімін қай жерде және қалай қолданатыны туралы да ойлануымыз қажет. Қазақстанда лайықты жұмыс орындарының, заманауи зертханаларға қолжетімділіктің және өз жобаларын жүзеге асыру мүмкіндігінің болуы – білімге салынған инвестицияның отандық экономикаға нақты қайтарым әкелуіне мүмкіндік беретін маңызды шарттар.

— Қасым-Жомарт Тоқаев технологиялар трансферіне, сондай-ақ неміс бизнесін Қазақстанда инженерлік зертханалар мен технологиялар трансфері орталықтарын құруға тартуға ерекше назар аударды. Бұл отандық өнеркәсіпті технологиялық жаңғырту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қаншалықты маңызды?

— Менің ойымша, мұндай зертханалар өте қажет, өйткені технологияны өндіріске енгізу – күрделі әрі практикалық жұмысты талап ететін процесс. Кәсіпорын сынақтар жүргізіп, инженерлерді дайындап, өнімнің сапасын тексеріп, жаңа шешімнің экономикалық тұрғыдан қаншалықты тиімді екенін бағалауы қажет.

Шартты түрде мысал келтірейін. Егер зауыт жылына 100 мың бөлшек шығаратын болса және ақау үлесі 5 пайызды құраса, бұл 5 мың ақаулы бөлшек деген сөз. Егер сынақтар мен технологияны жетілдіру нәтижесінде бұл көрсеткішті 2 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік болса, кәсіпорын өндіріс көлемін өзгертпей-ақ, қосымша 3 мың сапалы бөлшек шығара алады. Мұның артында шикізатқа, электр энергиясына және еңбек ресурстарына жұмсалатын нақты шығындар тұр. Ғылыми жұмыстың кәсіпорын экономикасына әсерін осындай нақты нәтижелерден көруге болады.

Технологиялар трансфері орталығы тиімді әзірлемені тауып, оны пайдалану шарттарын келісіп, өндірісте енгізу кезеңіне дейін жеткізуге көмектеседі. Мұндай қолдау шағын компаниялар үшін әсіресе маңызды.

Сондықтан бұл бастамалардың нәтижелілігін кәсіпорындардың нақты көрсеткіштері арқылы бағалау керек деп санаймын: қанша технология енгізілді, өнімнің өзіндік құны мен сапасы қалай өзгерді, қандай жаңа өнім түрлерін шығаруға мүмкіндік туды. Сонымен қатар отандық инженерлердің қатысуы да өте маңызды. Дәл осы мамандардың тәжірибесі алдағы уақытта өндірісті өз бетінше жетілдіруге мүмкіндік береді.

— Мемлекет басшысы ғылыми зерттеулерге жұмсалатын шығындарды ЖІӨ-нің 1 пайызына дейін арттыру және бизнес өкілдерінің университеттердегі зерттеулерге белсенді қатысуына жағдай жасау міндетін қойды. Бұл, сіздің ойыңызша, Қазақстан экономикасындағы ғылымның рөлін қалай өзгертіп, жоғары қосылған құны бар жаңа өндірістердің пайда болуына қалай ықпал етуі мүмкін?

— Мен зерттеулерге жұмсалатын шығындарды ЖІӨ-нің 1 пайызына дейін арттыруды қолдаймын. Бұл ғылымның ел экономикасындағы рөлін күшейтуге және ғылыми әзірлемелерді нақты экономикалық нәтижеге айналдыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам деп санаймын.

Ғылымға инвестиция салу ұзақ мерзімді нәтиже береді. Сондықтан қаржыландыру көлемін арттырумен қатар, оның тұрақты әрі жүйелі түрде жүзеге асырылуы да маңызды. Бұл ғалымдарға зерттеулерін бірнеше жылға жоспарлауға, ғылыми топтарды қалыптастыруға және ірі жобаларды дәйекті түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Әсіресе жас мамандар үшін ғылымда тұрақты кәсіби бағыт қалыптастыруға қажетті жағдайдың болуы маңызды.

Басқа елдердің тәжірибесіне қарасақ, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалатын шығын көлемі экономиканың технологиялық даму деңгейімен тығыз байланысты. ЭЫДҰ деректеріне сәйкес, 2024 жылы Кореяда зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалатын шығын ЖІӨ-нің 5,1 пайызын құрады. Германия бойынша ЭЫДҰ-ның қолжетімді деректерінде 2022 жылғы көрсеткіш 3,1 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіштер ғылымға инвестиция салудың ұзақ мерзімді маңызын көрсетеді.

Сонымен қатар мемлекеттік қолдау, әсіресе іргелі ғылым үшін, тұрақты болуы қажет. Ғылымға жасалған инвестиция жаңа технологиялардың, инновациялық өндірістердің және жоғары білікті мамандардың қалыптасуына негіз болады. Сондықтан зерттеулерді қолдау арқылы біз тек ғылыми әлеуетті емес, сонымен бірге Қазақстан экономикасының технологиялық мүмкіндіктерін де арттырамыз.

—Германия тарапымен келіссөздер барысында Президент жасанды интеллектке, суперкомпьютерлік технологияларға және жаңа буын мамандарын даярлауға да баса мән берді. Немістің технологиялық тәжірибесі мен Қазақстанда қалыптасып жатқан цифрлық және ғылыми инфрақұрылымның үйлесуі еліміз үшін қандай жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашады?

— Мен бұл мәселені Қазақстан болашақ технологиялардың құнын қалыптастырудың қай бөлігін өз ішінде жасай алатыны тұрғысынан қарастырар едім. Өйткені табысты тек жабдық өндірушілер ғана емес, сол жабдыққа арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлейтін, деректерді талдайтын және жүйелерге қызмет көрсететін компаниялар да алады. Бұл бағытта қазақстандық компаниялар үшін нарықтың мүмкіндігі кең.

Мысалы, өндірістік желілердің бірінің тоқтауы бірден бірнеше цехтың жұмысына әсер ететін кәсіпорынды алайық. Егер қазақстандық мамандар неміс инженерлерімен бірлесіп, ықтимал ақауды алдын ала анықтайтын жүйе әзірлесе, кәсіпорын жөндеу жұмыстарын тиімдірек жоспарлай алады. Ал қазақстандық команда үшін басқа зауыттарға бейімдеп ұсынуға болатын технологиялық әзірлеме пайда болады. Осылайша бір өндірістік міндетті шешуге арналған жоба кейіннен дербес технологиялық бизнеске айналуы мүмкін.

Бізге өндірісте болып жатқан процестерді түсінетін, деректермен жұмыс істей алатын және өз шешімінің кәсіпорынға әкелетін экономикалық тиімділігін түсіндіре алатын мамандар қажет. Мұндай жобаларға қазірдің өзінде өндірісте жұмыс істеп жүрген инженерлерді де тарту маңызды. Олардың жабдықтар мен өндірістік процестер туралы тәжірибелік білімі бар және оны тек аудиторияда отырып меңгеру қиын.

Сондықтан мен бұл ынтымақтастықтың болашағын Қазақстанда өзіміздің инженерлік және цифрлық компаниялардың қалыптасуымен байланыстырамын. Сонда біз технологияларды әзірлеуден, оларды өндіріске енгізуден және кейінгі техникалық сүйемелдеуден, соның ішінде шетелдік нарықтарда да табыс таба аламыз.

Қазір оқып жатыр

Шетелдік әйел Қонаевта топтық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын мәлімдеді: күдіктілер ұсталды

әйел

Қазақстанға көлік әкелу тәртібі өзгереді: жеке тұлғаларға қандай талап қойылады?

atameken.kz

Шахмұрат Мүтәліптің компаниясы Ауғанстанда теміржол салды

теміржол

Қазақстан бокс федерациясы Азиададағы Сабырхан мен Богданованың нәтижесіне наразылық білдірді

Махмұд Сабырхан, Наталья Богданова