Геннадий Головкин ХОК ұйымдастырған Sport for a Better World саммитіне қатысты

Швейцарияның Лозанна қаласында Халықаралық Олимпиадалық комитеті (ХОК) ұйымдастырған Olympism365: Sport for a Better World атты алғашқы саммит өтті.
Алматы, NEGE. Ресми шараға Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев қатысты. Айта кетейік, Қазақстан ҰОК басшысы Халықаралық Олимпиадалық комитетінің Olympism365 комиссиясының мүшесі.
Саммитке Олимпиадалық қозғалыс мүшелері мен БҰҰ агенттіктерінен бастап халықаралық гуманитарлық және қаржылық құрылымдар, мемлекеттік органдар, спорт қауымдастығы мен әлеуметтік бағыттағы бизнес сияқты 100-ден астам ұйымның өкілдері қатысты. Іс-шараны ХОК президенті Томас Бах ашты.
Қатысушылар білім мен денсаулық сақтау саласына қолжетімділікті арттырудан бастап, теңдік пен инклюзивтілікті ілгерілетуге дейін спорттың тұрақты даму мақсаттарына жетудегі рөлін талқылады. Сонымен қатар спортта қауіпсіз ортаны қалыптастыру, осал топтарды қолдау, тұрақты қауымдастықтарды дамыту, инновациялар мен цифрлық шешімдерді, соның ішінде жасанды интеллект негізіндегі жобаларды енгізу, сондай-ақ «Спорт және даму» саласындағы жобаларды қаржыландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Саммит спортты жаһандық және жергілікті деңгейде оң өзгерістерге жетудің құралы ретінде пайдалануға бағытталған практикалық шешімдермен алмасуға арналған алаңға айналды.
"Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті әрдайым қоғам игілігі үшін спортты дамытуға бағытталған бастамаларды қолдайды. Olympism365 саммиті секілді халықаралық диалогқа қатысу – үздік тәжірибелерді меңгеруге, әріптестік орнатуға және спорт арқылы тұрақты құндылықтарды ілгерілетуде Қазақстанның үлесін нығайтуға мүмкіндік", - деді Геннадий Головкин.
Саммит аясында IOC Gender Equality, Diversity & Inclusion Champion Award марапаты да табысталды. Биыл бұл марапатты спорт саласында гендерлік теңдік пен инклюзивтілікті дамытуға қосқан үлесі үшін профессор Элизабет Пайк иеленді.
Сонымен қатар Қазақстан ҰОК басшысы бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, ХОК жаңадан сайланған президенті Кирсти Ковентримен, ХОК президенті Томас Бахпен және ХОК қоғаммен байланыс департаментінің өкілдерімен жүздесті. Сондай-ақ ХОК Қаржы комиссиясының төрағасы Сэр Миан, Olympism365 комиссиясының төрайымы Аувита Рапильямен келіссөздер жүргізді.
Халықаралық конькимен жүгірушілер одағының (ISU) президенті Ким Чжэ Ёлмен кездесуде Қазақстанда конькимен жүгіру спортын және спорттық туризмді дамыту мәселелері талқыланды.