9 Қаңтар 14:21
...

Ғажайып Өтемұратов. ForteBank акцияларының қызу саудасы НЕГЕ күдік тудырды?

Forte
Фото: Nege.kz

Қазақстан қор биржасында сатылымда жүрген «ForteBank» акционерлік қоғамының жай акциялары соңғы жарты жылда екі есе қымбаттап, осы аптаның ортасында бір акцияға 20,02 теңгеге дейін жетті. Бір қызығы, биржалық айналымдағы 9,07 пайыз акциялардың жиі саудаға түсуі  «ForteBank-ті венгерлік OTP Group сатып алады» деген қауесеттердің фонында орын алып отыр.

Және бұл банктің қожайыны Болат Өтемұратовқа өте тиімді. Қаржы ұйымының капитализациясы қарқынды өсуде. Ал Болат Жәмитұлының ForteBank акцияларының 90,92% үлесін ұстап отырғанын ескерсек, акциялардың қымбаттауы оның дәулетін екі еселеп берді. Ал егер OTP туралы қауесеттер шындыққа жанасып жатса, бұл оған банкті жақсы бағамен сатуға мүмкіндік береді.

KASE
Фото: Kase.kz

Болат Өтемұратов ForteBank акцияларының 90,92 пайызын қолынан шығармай ұстап отырғандықтан, Қазақстан қор биржасында максималды алғанда тек 9,07 пайыз акция алып-сатыла алады. Бұл шамамен 8,3 миллион дана жай акция. Қаржыгер Арман Батаевтың есебінше, 2023 жылға дейін олардың айналымдағы белсенділігі тым төмен болған.

2023 жылдан бастап акционерлерді дивидендтерге салынатын салықтан босатуға арналған критерийлер қолданысқа енгізілген еді. Оған сай, егер бір айдың ішінде биржада акциялармен жасалған мәмілелердің жалпы көлемі кемінде 25 миллион теңге, ал акциялар бойынша орындалған мәмілелер саны кемінде 50 болған жағдайда, сол акцияларды ұстап отырған жеке тұлға құнды қағаздан келетін дивидендке салық төлемейді. Бір қызығы, критерийлер енгізілген уақыттан бастап ForteBank акцияларымен сауда жасау аномалды түрде артып кеткен.

Forte
Фото: Nege.kz

Соның арқасында Болат Өтемұратов соңғы екі жылда жеке тұлға ретінде ForteBank акцияларынан келетін жыл сайынғы дивидендке салық төлемеуге мүмкіндік алды. Бұл сарапшылар тарапынан «pump&dump» манипуляциялық схемасы орын алған жоқ па деген күдік туғызып отыр. Себебі биржадағы азғантай ұстаушылар ForteBank акцияларын айналдырып сата беру арқылы белгілі бір жасанды белсенділік пен ажиотаж туғыза алады. Тіпті сол арқылы банк акцияларының бағасын спекулятивті түрде арттырып жіберуі де ғажап емес. Қалай болғанда да, бұл Қазақстан қор биржасы мен ҚНРДА назарын аударып, арнайы тексерісті қажет ететін құбылыс.

ForteBank акцияларының реестры бойынша да үлкен проблема бар. Оны банк басшылығының өзі мойындаған. Банк үш қаржы ұйымының – ForteBank, Альянс Банк және Темірбанктің бірігуі нәтижесінде құрылған еді. Ал Темірбанк 1992 жылы құрылып, теміржол саласына тиесілі банк болған. 90 жылдары ақша болмағанда көптеген теміржолшыларға жалақы мен сыйақылар осы Темірбанк акцияларымен төленген.

Кейін бұл акциялар автоматты түрде Fortebank акциялары болып конверттелді. Бірақ кезінде акция алған адамдардың қазір қайда жүргені мүлде белгісіз. Олар тіпті өздерінде ForteBank акциялары бар екенін білмеуі де мүмкін.

ForteBank акцияларының соңғы жарты жылда екі есе қымбаттағаны биржадағы азғандай ойыншылардың жасанды белсенділігі ме, жоқ әлде шын мәнінде банктің потенциалы артып келе ме? 2025 жылы ForteBank бұрын-соңды болмаған серпіліс жасап, несиелік портфелін 54%-ға бірден ұлғайтты. Бұл +1,05 триллион теңге. Әрине, оған Home Credit банкін сатып алғаны да жағымды әсер етуі тиіс.

Осының арқасында, 2026 жылы банктің кірісі одан сайын ұлғаяды деп күтіледі. Бірақ биылғы жылдан бастап банктерге салынатын салық көлемі 5%-ға артпақ. EBITDA мықты болғанымен, таза табысқа келгенде біршама банкті қиындықтар күтіп тұр.