ГАЗ ЖЫРЫ: Ресейліктер Қазақстанды НЕГЕ Украинамен салыстыра бастады?

Қазақстан Ресейден газ алмақ. Әділ бағамен. Осы бір шағын ақпарат ресейліктердің елімізге деген ашу-ызасын тудырып отыр. Екі ел арасындағы кәдімгі экономикалық алыс-беріс геосаясаттың қызу майданында қайнап жатқан Ресей қоғамы үшін «кезекті» дұшпанын анықтауға түрткі болып отырғандай.
Айталық, Ресейдің «Взгляд» порталы бүгін Қазақстанның Ресейден газ алу ниеті туралы ақпарат жариялады. Онда қазақ үкіметінің ресей газын әділ бағаға сатып алғысы келетіні жайында айтылған. Мәселен, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев еліміздің күнгейі мен шығысын солтүстік көршімізден келетін газбен қамтамасыз ету жоспарымен бөлісіпті.
Министр «Газпром» корпорациясы және Ресей билігі әділ баға белгілейді деп үмітенетінін мәлімдеген. Ол: «Бұған Қазақстан мен Беларусь мемлекеттерімен Ресейдің достық қарым-қатынасы ықпал етеді», – деп сенеді. Алмасадам Сәтқалиевтің пікірінше, баға белгіленгенде екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік және экономикалық параметрлер ескерілуі тиіс.
С.Сәтқалиев. Фото: sk.kz
Бір қарағанда, бұл там-тұм ақпаратта көзге қораш ешқандай сөкеттік жоқ. Екі ел арасындағы экономикалық қатынас мәселесі қозғалады. Қазақтар газ алады, Ресей сатады. Қазақ жағы бағаға қатысты өз ойын айтқан. Әдеттегідей, алушы арзанырақ, сатушы қымбатырақ бағаны қалайды. Бұл – нарық заңдылығы.
Бұл жерде қайран қалдырғаны – осы шағын мәтіннің астындағы Қазақстанға қатысты орыс қоғамында қалыптасқан теріс көзқарас.
«Ұлтшылдықты қоздырады, санкцияға сүрең қосады, Ресейге импорт жасауға шектеу қояды, бірақ газды әділ бағамен беріңдер деп талап етеді», – деп пікір қалдырған Linxform tm атты қолданушы.
«Қазақтар газды тегін алғысы келеді. Айтып отырғандарының бірі де жоқ: «достық қатынас және стратегиялық серіктестік» туралы меңзеп отырмын! Бір қызығы, бұл «достар мен серіктестердің» бәрі бір нәрсені ғана қалайды – газға әділ баға. Орнына ешқандай уәде бермейді. «Мен сенің бетіңнен сүйемін, бірақ кейінірек» дегеннен басқа», – дейді Николай Овчинников.
Дәл осы автор мұнымен де қанағаттанбай қайта айналып келіп, тағы да мынадай жазба қалдырыпты.
«Қазақстанның үлгісі ресейлік Сыртқы істер министрлігінің Украина, Грузия, Молдова, Прибалтикаға қатысты жіберген қателігін сарапқа салмағанын, есепке алмағанын, қорытынды жасамағанын анық көрсетіп отыр! Біз осы қателіктерді қайта-қайта, «нәтижелі түрде» қайталап жатырмыз! Лавровты отставкаға жіберу керек!»
«Бәрі дұрыс. Олар әділ баға сұрап жатыр. Назар аударыңыз: Әділ баға, төмен емес. Соңғы кездегі қазақтардың барлық айла-шарғысын ескеріп, әділдік орнату керек», – деп қазақтарды тәубесіне түсіруге үндейді Дэвид Нездешний.
Ресейлік үгіт-насихат құралдарының Қазақстанға қатысты айтылған ұшқары, одағай пікірлері көрші елдің қоғамдық санасына жақсы сіңгені байқалады. Кейбір қолданушылар үшін Қазақстан Батыс елдерімен «ауыз жаласып» кеткен көрінеді. Мәселен, L'Amour, Блейкер мен Борисович деген үш бірдей қолданушының ойы осыған саяды.
«Ол Қазақстанның достығын қайдан тауып алыпты? Олар янкерстермен, бриттермен әмпей-жәмпәй. Оның үстіне, ерекше көзге түсіп отыр. Енді келіп, достық естеріне түсе қалыпты», – дейді Блейкер.
«Газ бағасы жайлы штаттардың биозертханасымен сөйлессін», – деп келемеждейді Борисович.
«Әділетті баға? Ол не екен? АҚШ-тағыдай ма? Қайдағы серіктестік қатынас? Онысы санкцияны қолдау ма? Орыс тіліне тыйым салу да серіктестік қатынасқа жата ма?», – деп ашу шақырады L'Amour. Бірақ қазақтардың қашан және қай жерде орыс тіліне тыйым салғаны жөнінде айтуды жөн көрмепті.
Кейбір ресейлік оқырмандар газ бағасын Украинадағы соғысты қолдау-қолдамау мәселесіне әкеліп тіреп отыр.
«Не дейді? Қазақтың ерікті батальоны АӘО (арнайы әскери операция - ред) аймағына келіп қойып па? Ондайды естімеппін. Қандай мемлекеттік бейбітсүйгіштік туралы айтуға болады? Барлығы секілді: бізге де, сізге де тиынға беру керек пе?» – деп таңырқайды Андрей Кулигин.
Кейбір «көреген» қолданушылар Қазақстан мен Украинаның сыртқы және ішкі саясатынан ортақ түйткілдерді көретінін меңзепті.
«Меніңше, бір ел ондаған жылдар бойы өзіне және азаматтарына қатысты әділ емес баға жөнінде ақпаратты күн тәртібінен түсірмеген еді. Тіпті, осы тезис негізінде тиімді ресейге қарсы ішкі саясат жүргізген. Ресейге және бәріне кінәлі Ресей президентіне қарсы дұшпандық көзқарас қалыптастырған», – деп жазған Сергей Сергеев.
«Газбен қамтамасыз етудің тәуелсіз жүйесін жасауға ақша жоқ па? Әйтпесе, қазір Украина бұл істе ілгері кетті», – деп мысқылдайды Roger Stevenson.
Бұл – Ресей қоғамының бір бөлшегінің пікірі ғана. Бірақ осының өзінен-ақ негізгі картинаның сұлбасы көрінетіндей...