Гаухар Қаппарова Хорватияның Алматыдағы құрметті консулы болып тағайындалды
Lancaster Group акционері Гаухар Қаппарова Хорватияның Алматыдағы құрметті консулы атанды. Оған консулдық өкілеттігін ресми растайтын экзекватура құжаты 23 қараша күні кешке тапсырылды.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде 24 қарашада Нұрлан Қаппаров атындағы қор хабарлады.
Жаңа қызметінде кәсіпкер Қазақстан мен Хорватия арасындағы іскерлік байланыстарды дамытуға, екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге атсалысады.
Гаухар Қаппарова – қазақстандық танымал кәсіпкерлердің бірі, Lancaster Group холдингінің акционері. Холдингтің өнеркәсіптік активтерінің қатарында «Ерсай Каспиан Контрактор» мұнай сервистік компаниясы, сондай-ақ Tin One Mining және «ГМК Васильковское» тау-кен кәсіпорындарындағы үлестер бар.
Бұдан бөлек ол Гүлнәр Досаевамен бірге киім, аяқ киім және аксессуарлар дистрибуциясымен айналысатын G and G Glamour және MaxGlamour компанияларына иелік етеді.
Кәсіпкер білім беру және әлеуметтік жобаларға да қатысады. Ол Нұрлан Қаппаров атындағы қордың тең құрылтайшысы әрі IQanat қамқоршылық кеңесінің мүшесі.