Ғани Бейсембаев: Мектеп кітапханаларын балаларға арналған көркем әдебиетпен толықтыру жұмыстары тоқтамайды
Көшбасшылық қасиетке ие болу үшін, ең алдымен, білімді болу керек. Жан-жақты білімді ұрпақ қана ел іргесін қалайды. Мектеп бағрдарламасындағы оқулықтардан бөлек, балаларға арналған көркем әдеби шығармалардың да берері мол. Кітап оқу арқылы өсіп келе жатқан балалар ойын жинақтап, айтпақ болған пікірін анық жеткізе алады.
Оқу мәдениеті қалыптасқан елде бассыздықтарға жол берілмейді. Әр адам оқу арқылы өзін тәрбиелеп, болашаққа деген көзқарасын дұрыстайды. Көркем әдебиет оқып өскен баланың зейіні ашылып, зерек келеді. Ол үшін мемлекет балалар әдебиетінің дамуына жағдай жасап, үлес қосуы керек. Баланың ой-өрісі кішкентай күнінен бастап қалыптасатынын ескерсек, әдеби шығармаларды насихаттау арқылы жеткіншектердің бойына елге деген патриоттық сезімді дарыта аламыз.
Балаларға арналған көркем әдеби шығармалардың аздығы үлкен мәселе туындатып отыр. Шынын айту керек, балалар әдебиеті мемлекеттік қолдауға зәру. Балалар демалыс күндері бос уақытында оқитын қазақ тілді әдеби кітаптар өте аз. Сол себепті жеткіншектеріміз кейбір сәтте орысша әдебиеттерді оқуға мәжбүр.
Фото: cgb-oral.kz
Осы мәселеге қатысты Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында NEGE-нің тілшісі жолдаған сауалдарға ҚР Оқу-ағарту министрі Бейсембаев Ғани Бектайұлы жауап берді.
Балалар әдебиетін жандандыруға қатысты министрліктің қандай жобалары бар? Оқу-ағарту министрлігі жеткіншектерге арналған шығармалар жазатын авторлармен байланыс орната ма?
«Жуырда ғана Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхананың ұйымдастыруымен, Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасына сәйкес барлық тиісті органдармен бірлесе отырып ақпан айынан бері үлкен комиссия жұмыс істеді. Бүгінгі күні 1700-ден аса балаларға арналған әдебиеттердің тізімі жасалды. Сол тізімді жасақтау барысында барлық жазушылар, педагогтар, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдері, ғалымдар, кітапхана саласының мамандары бірлескен үлкен жұмыс жүргізді. Бүгінгі күні сол тізімді бекіту үстіндеміз. Бұл жерде бір жайтты атап өткеніміз жөн. Қуантатыны тізімде тек бұрынғы классиктеріміздің шығармалары ғана емес, осы тізімнің ішінде біздің қазіргі ақын-жазушыларымыздың да шығармалары енген. Бұл тізім республикалық ғылыми-педогокикалық кітапхананың сайтында ілініп, ашық талқылауда болды. Бүгінгі күні сол талқылаудан кейін тізім бекітілетін болады. Сонымен қатар «Оқуға құштар» мектеп жобасы аясында үш жылдан бері мектеп кітапханаларын балаларға арналған көркем әдебиетпен толықтыру жұмыстары және балаларды оқуға тарту бағытында да шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бұл жұмыстар бұдан әрі де өз жалғасын табатын болады», - деп жауап берді Оқу-ағарту министрі.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына орай министрлік «Оқуға құштар мектеп» жобасын бекіткен болатын. Жоба аясында көркем әдебиеттер тiзiмi 4 бағыт бойынша жүргізіледі.
Қазір балалар уақытының көп бөлігін ғаламторда өткізеді. Сол себепті Оқу-ағарту министрлігі балаларға арналған әдеби шығармалар желісімен Ютуб арналарда анимациялық жобаларды қолға алу жоспары бар ма? Тілшіміздің сұрағына Ғани Бейсембаев төмендегідей жауап берді.
«Бұл бағытта да көптеген жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Тіл комитетінде және басқа да министрліктерде бұл жұмыстарға байланысты шаралар қолға алынып жатқанын көріп отырмыз. Біздің тараптан, осы дайын дүниелерді оқу бағдарламаларына цифрлы оқулықтарды енгізу бағытында пайдаланып, мән беретін боламыз», - деп жауап берді министр.
Балаларға арналған кітаптардың Халықаралық күні де бар. Атаулы күн 2 сәуірге сәйкес келеді. Дәл 2 сәуірді таңдап алуда үлкен мән жатыр. Осы күні әлемдік деңгейдегі жазушы Ганс Христиан Андерсен осы күні дүниеге келген. Сол себепті 1956 жылдан бері Балаларға арналған кітаптардың Халықаралық күні белгіленген.