Ғалымның ғибратты мұрасы – ғылымға апарар жол: Ахмет Ясауи университетінде дөңгелек үстел өтті
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Ғылым айлығы аясында, сондай-ақ 12-сәуір – Ғылым қызметкерлері күніне орай Жаратылыстану ғылымдары факультетінің ұйымдастыруымен «Ғалымның ғибратты мұрасы – ғылымға апарар жол» атты ғылыми дөңгелек үстел өтті. Жиын физика және математика ғылымдарының докторы, профессор Дулат Жұмабаевтың 70 жылдығына арналып, таңдамалы ғылыми еңбектері жинағының тұсаукесері болды, деп хабарлады оқу орнының баспасөз қызметі.
Түркістан, NEGE. Іс-шараны ашып беру үшін алғашқы сөз тізгінін алған Жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы Жәнібек Исабеков баршаны 12-сәуір – Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтады.
«Ғылымды зерттеу – адамзаттың ортақ мұрасы. Сондай-ақ, біз атап өтуге міндетті маңызды құндылық. Ғылыми зерттеулер қоғамның дамуы үшін аса маңызды. Бүгін біз ғылым әлемінде жұмыс істейтін әрбір адамның үлесін атап, алғыс айтуымыз керек. Ғалымдарымыз әлемді өздерінің жаңалықтарымен және өнертабыстарымен өзгертеді. Қазақстанның ғылым саласындағы тұлғалары елімізді халықаралық деңгейде танытып, болашақ ұрпақты шабыттандырады», – деді Жәнібек Исабеков.
Сонымен қатар, профессор Дулат Жұмабаевтың қалдырған мол мұрасы мен ғылыми еңбектерінің маңызына тоқталды.
Жиында ғалымның зерттеулері, жаңалықтары мен адамгершілік асыл қасиеттері айтылды. Университет қабырғасында жүріп, жастармен жұмыс істеуі, ғылым кандидаттарын дайындауы сияқты өзге де өнегелі істері айтылды. Қонақтар ғалыммен бірге өткен уақыттар мен ыстық естеліктерімен бөлісті.
Келесі кезекте, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ф.м.ғ.д., профессоры Қордан Оспанов «Сингулярлы эллиптикалық теңдеудің шешілу шарттары туралы» баяндамасын оқыды.
Сондай-ақ, жиында: Параметрлеу әдісін қолдану арқылы жергілікті емес шекаралық есептерді зерттеу, Регулярлы шектік шарттары бар құрама типті үшінші ретті теңдеулердің меншікті мәндері туралы және т.б маңызды тақырыптар қозғалды.
Іс-шарада Дулат Жұмабевтың ғылыми және қоғамдық қызметтері жайлы кең ақпараттар беріліп, таңдамалы ғылыми еңбектері жинағының тұсаукесерімен аяқталды.