Ғалымдар: Визит орталықтар Іле-Алатауының әр шатқалында ашылуы тиіс
Білім және ғылым министрлігіне қарасты Зоология институтының бас директоры Роман Ященко Алма-Арасан жақтағы «Аюсай» шатқалында визит орталықтың ашылуына өте жоғары баға берді.
Бұл өркениетті экотуризмнің нышаны. Келушілерге табиғат аясында өзін ұстау мәдениетін қалыптастыру ісінде визит орталықтар, ондағы ақпараттар, гидтер мен карталар үлкен рөл ойнайды. Естеріңізде болса, визит орталықты еліміздегі ұлттық парктердегі экотуризм саласын дамытып жатқан «Туранга Групп» компаниясы тұрғызып, жақында техникалық ашылуын өткізген болатын.
-
Тақырыпқа орай: Аюсайда визит-орталықтың техникалық ашылуы болды
"Барбекю мен киіз үйді орнатудың орнына балалар, студенттер мен ересектер келетін білім беру орталықтарын құру керек», - дейді, Роман Ященко. «ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасына қатысып отырамын. Соның аясында 2014-2016 жылдары ЮНЕСКО-ның Азия және Тынық мұхит аймағы бойынша вице-президенті болып, ұлттық парктер мен қорықтар негізінде жасалған көптеген биосфералық резерваттарды араладым. Болоньяда жүргенімде По өзенінің атырауын жайлаған биосфералық қорықты көргенім бар. Онда мұражай экспонаттары, жәндіктер мен гербарийлер, плакаттар мен кәдесыйлар сатылатын бір үлкен және бірнеше шағын орталықтардың жұмысымен таныстым. Әрбір визит орталықта үш-төрт адам жұмыс істейді, олар сізге мұнда қандай қызықтар бар, неге назар аудару керектігін, жүріп-тұру ережесін айтады. Америкадағы ұлттық парктерде, Индонезия, Жапония және басқа елдердің биосфералық резерваттарында да дәл осылай осылай жұмыс істейді".
«Біздің табиғатымыз өте бай. Егер біз осы идеяларды өзімізде іске асырсақ өте игі болар еді. Мен визит орталықтың құрылуын құптаймын және бұл даму сатысындағы алғашқы қадам деп білемін. Орталықты жастармен толтыру қажет. Әр шатқалға біліктілігі мол экскурсоводтар керек»
Бұл ретте осы бастамаға Зоология институты да өз үлесін қоспақ. «Мұнда біздің институттың рөлі зор болуы мүмкін. Біз бірлесіп гидтер, брошюралар, альбомдар дайындай аламыз. Визит орталықтарында экологиялық білім беру жобаларын жүзеге асыра алатын топтарды ұйымдастырудың үлкен мәні бар».

«Іле-Алатау» ұлттық паркімен ынтымақтастық туралы келісім бойынша біздің териология, орнитология және герпетология, энтомология зертханаларының мамандары парктің ғылыми қызметкерлерімен ұжымдасып жұмыс істейді. Біз бірнеше ғылыми тақырыптарға жетекшілік етеміз, өз зерттеулерімізді жүргіземіз. Ол жұмыстардың айтулысы - барысты зерттеу жобасы. Институтта қар барысын зерттеу орталығы бар. Ол бүкіл республика бойынша жергілікті барыстардың жағдайын бақылап отырады»
Қазір ЮНЕСКО-ның адам және биосфера бағдарламасы шеңберінде биосфералық резерваттарының бүкіләлемдік желісі белсенді дамып келеді. Мұндай қорықтар ерекше қорғалатын табиғи аумақ негізінде құрылады. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл арнайы аумақта адамдар жан-жануарлармен бірге тіршілік етеді. Биосфералық резерваттардың мақсаты адам мен табиғат, әлеуметтік-экономикалық даму мен табиғи экожүйелерді сақтау арасындағы қарама-қайшылықты жою.
Роман Ященконың айтуынша, қазір Қазақстанда ұлттық табиғи парктер, қорықтар негізінде құрылған 12 ЮНЕСКО биосфералық резерваты бар. Ал келесі жылы, егер инспекциядан өте алса «Көлсай көлдері» резерваты пайда болады деген үміт бар.
Көлсай. Фото авторы: Евгений Каримов, kolesa.kz
Қазіргі таңда «Іле-Алатау» ұлттық паркінде экотуризмді дамыту жобасын іске асырып жатқан оператор – «Туранга Групп» компаниясы мен Зоология институты арасында жануарлар әлемін зерттеу бойынша ынтымақтастық туралы келісім бар. Компания кез-келген жұмысында алдымен ғалымдарды шақырып, олардың мәселеге деген көзқарасын, пікірі мен кеңесін тыңдайды.
Мысалы, ҚазҰУ ғалымдары картография, өсімдіктер әлеміне қатысты ұжымдық жұмысқа тартылған. Ғалымдардың барлық кеңесі ескеріле отырып, экотуризм соқпақтары мен визит орталық жасалды. Бір сөзбен айтқанда, елімізде экотуризмнің кешенді, өркениетті формасы қалыптасып келеді.