29 Қаңтар 12:30
...

Ғабидолла Әбдірахымовты «Самұрыққа» қалай алған?

.
Фото: Nege.kz

Кезінде өзіне көрсетілген «саяси сенімді» ақтамады деген уәжбен Шымкент әкімі қызметінен босатылған Ғабидолла Әбдірахымовты Samruk-Kazyna Construction компаниясына басқарма төрағасының орынбасары етіп кім және қандай негізде тағайындады?

Астана, NEGE. Біраз уақыт медиада көрінбей кеткен Ғабидолла Әбдірахымовтың Samruk-Kazyna Construction компаниясына жұмысқа орналасуы қоғамда қызу талқыланды. Осыған байланысты біз компанияға ресми сауал жолдап, ҚР Президенті Әкімшілігінің бұрынғы басшысы Қырымбек Көшербаев «сенімді ақтамады» деп бағалаған Әбдірахымовқа кім сенім білдіргенін сұрадық.

Компанияның басқарма мүшесі Ғабит Малғаздаровтың айтуынша, Әбдірахымовтың кәсіби тәжірибесі мол. Оны жұмысқа қабылдау кезінде алдыңғы қызметтеріндегі нәтижелері мен қойылған міндеттерді тиімді орындау қабілеті ескерілген.

«Басқарма төрағасының пайдалану жөніндегі орынбасары лауазымында бос орынның пайда болуына байланысты конкурс жарияланды. Конкурс өткізу туралы хабарландыру біліктілік талаптары көрсетіле отырып, QSamruk порталында орналастырылды. Конкурстық іріктеу нәтижесінде лауазым талаптарына сай келетін екі үміткер өтінім берді. Барлық кандидаттармен сұхбат жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша конкурстық комиссия бос лауазымға Ғабидолла Әбдірахымовты ұсынды.

Қоғамдық кеңістікте бағалау сипатында тараған тұжырымдар еңбек қызметін шектеуге заңды негіз бола алмайды. Тағайындау сәтінде аталған қызметті атқаруға кедергі келтіретін немесе оның іскерлік беделіне күмән тудыратын деректер болған жоқ», – деді Ғабит Малғаздаров.

Ғабидолла Әбдірахымовтың бұл қызметке тағайындалғаны туралы ақпарат шыққан кезде біз бір қызық жайтқа назар аудардық. Әбдірахымов Instagram желісінде бар болғаны 16 аккаунтқа ғана жазылған. Олардың қатарында Ақорда мен Үкіметтің, кейбір әкімдердің ресми парақшалары және BI Group компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев та болған.

Nege.kz
Nege.kz

Осыған байланысты біз Samruk-Kazyna Construction компаниясынан Әбдірахымовтың Айдын Рахымбаевқа жазылуы олардың достығын білдіре ме және бұл жағдай тендер өткізу кезінде BI Group компаниясына қандай да бір артықшылық берілуіне себеп бола ма деп сұрадық. Себебі Әбдірахымов қазіргі таңда жұмыс істейтін компания құрылыс нысандарын салатын мердігерлерді анықтаумен де айналысады. Мысалы, «Келешек мектептерін» салатын компанияларды іріктеген.

Алайда компания өкілі Әбдірахымовтың қазіргі функционалдық міндеттеріне құрылыс мәселелері мен конкурстық рәсімдерді жүргізу кірмейтінін түсіндірді. Ол Instagram желісінде кімге жазылатынын өзі шешеді, алайда бұл шешімдер мүдделер қақтығысына әкелмейді делінген жауапта. Дегенмен біздің байқауымызша, сауал жолданғаннан кейін Ғабидолла Әбдірахымов Айдын Рахымбаевтың парақшасына жазылуын тоқтатқан.

«Компанияда алқалы шешім қабылдау және көп деңгейлі бақылау тетіктері бар. Олар жекелеген тұлғалардың ықпал етуіне, мүдделерді лоббилеуге немесе қандай да бір артықшылықтар беруге жол бермейді. 2026 жылға арналған Samruk-Kazyna Construction АҚ-ның сатып алу жоспарына сәйкес құрылыс саласындағы жобалар, оның ішінде мемлекеттік тапсырыстар мен инвестициялық жобалар қарастырылмаған», – деп мәлімдеді Ғабит Малғаздаров.

Қазіргі таңда Ғабидолла Әбдірахымовтың қызметі активтерді басқару және пайдалану мәселелерімен байланысты. Сонымен қатар, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында барлық ашық конкурстық рәсімдер аяқталған, ал компания қазіргі уақытта мемлекеттік тапсырыстарды жүзеге асырып отырған жоқ.