«Freedom Finance Bank» Nege.kz-пен НЕГЕ келіспеді?
Қазақстанда цифрлі технологияларды жақсы дамытып келе жатқан «Freedom Finance Bank» өз активтерінің құрылымына қатысты Nege.kz бағалауымен келіспей отыр. Және оған банктің толық құқығы бар.
Сондықтан банк позициясын бөлек материалға шығарғанды жөн көріп отырмыз. 2022 жылдың 24-ші наурызында Nege.kz «Банк ішіндегі аномалия. НЕГЕ Freedom Finance Bank активтері күдік туғызады?» деген тақырыпта сараптамалық материал жариялаған болатын. Оқимын десеңіз, міне.
Онда «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ активтерінің 76 пайыздан астамы құнды қағаздардан тұратыны және базалық ставканың 13,5 пайызға көтерілгені себептерінен активтердің қайта есептелуі банктің қаржылық балансына жағымсыз әсер ететіні жазылған еді.
Нақты, «Банк Фридом Финанс Қазақстан» бұл мақаладағы мынадай жолдармен келіспей отыр.
Nege.kz материалындағы үзіндінің басы:
«Орта есеппен, Қазақстандағы банк активтерінің құрылымында бағалы қағаздар құны 14,1 пайызға тең», – деп жазады Risk Takers. Ал «Freedom Finance Bank» 28 ақпандағы балансында активтер көлемі 402,5 миллиард теңге болса, соның 307,5 миллиард теңгесі әділ құны бойынша есептелген бағалы қағаздарға жатқызылған. Сарапшылар мұны «елдің банк секторындағы аномалия және сирек тәжірибе» деп бағалап отыр.
«Жаңартылған деректер 31 наурызда жарияланады. Банк нарықтық тәуекелге қаншалықты ұшырағанын осы кезде көре аламыз. ҚНРДА-ның банктерге, әсіресе, тұрақты күйзеліс жағдайында нарықтық тәуекелдің соншалықты жоғары шоғырлануына неге мүмкіндік беріп отырғанын түсінбейміз. Біздің болжамымыз бойынша, Ұлттық банк базалық ставканы одан әрі арттыра бермек. Бұл банктің активтерді қайта бағалаудан шығыны одан сайын артады деген сөз».
Nege.kz материалындағы үзіндінің соңы.
Осы жерде, Nege.kz редакциясының өз жанынан ештеңе қоспай бұл ақпаратты тікелей RiskTakers сараптамасынан алып, оған өз кезегінде сілтеме жасағанын айта кету керек.
Ал банк өз тарапынан келесі ақпаратты келтіреді. Біз «Банк Фридом Финанс Қазақстан» акционерлік қоғамына осы мәселеге қатысты өз ресми позициясын толық жеткізуге мүмкіндік беріп отырмыз.
"Банк Фридом Финанс Қазақстан" АҚ Nege.kz порталына жолдаған хаты
Хатта былай деп көрсетілген:
«2022 жылдың басынан бері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені 2 рет көтерді. Осы екі кезеңде де «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ бағалы қағаздар портфелін әртараптандыруға және оның құрылымының өзгеруіне байланысты бағалы қағаздардың оң қайта бағалануын тіркеді.
Сондай-ақ, Банк бүкіл банк секторы үшін дәстүрлі клиенттерге қызмет көрсетуден түсетін операциялық кірістер түріндегі активтер мен кірістілік ағындарын, сондай-ақ, кредиттік қызметтен түсетін % кірістерді көбейтуде. Осылайша инвестициялық қызметтен (бағалы қағаздар портфелінен) түсетін кірістердің әсерін азайтуда.
Тарихи деректерге сүйене отырып, Банк менеджменті нарықтық тәуекелдерді бақылау және басқару үшін барлық күш-жігерін жұмсауда. Банктің инвестициялық саясаты қадағалаушы органдар бекітілген нормативтер шеңберінде жүргізіледі. Банк барлық пруденциялық нормативтер мен лимиттерді толық сақтайды.»
Біз өз тарапымыздан "Freedom Finance Bank" позициясын толық бердік және қабылдап отырмыз. Өз кезегінде, жалпы бұл әңгіменің S&P рейтинг агенттігінің банк рейтингін «B» деңгейінен жағымсыз болжамымен «B-» деңгейіне түсіріп тастауынан басталғандығын ұмытпауымыз керек.
S&P банк рейтингін түсіріп тастауының бір себебі ретінде, активтердің қайта есептелуін көрсеткен еді. "Freedom Finance Bank" өз тәуекел қоржынында бағалы қағаздар портфелінен түсетін кірістердің әсерін шынымен азайта алды ма? Оны біз шілде айында, бірінші жартыжылдықтың бухгалтерлік балансын қарап, нақты айтатын боламыз.