29 Қыркүйек 16:35
...

Forte әлде Еуразия. Мажар банкирлеріне НЕГЕ Қазақстанға кіру оңай соқпай тұр?

OTP
Фото: Фото: Nege.kz

Мажарстанның OTP Group қаржылық тобы осы жылдың аяғына дейін Қазақстанның бір банкін сатып алу бойынша келісімдер тізбегін аяқтау ниетте. Nege.kz дереккөзі әңгіменің Еуразиялық банк турасында болып жатқанын хабарлады. Бұған дейін бұрын банкир болған сарапшы Ғалым Құсайынов Forte банкінің де бұл тізімде болу мүмкіндігін тұспалдаған.

Бірақ ол үшін OTP Group өзінің 2024 жылы тапқан барлық таза табысын жұмсауы тиіс. Себебі, Home Credit банкін сатып алған Forte Еуразиялық банктен анағұрлым қымбат тұрады. OTP Group 2024 жылы рекордтық табыс көрсеткен еді. Былтыр олар 2,7 миллиард еуродан астам табыс тапты. Бұл 3,16 миллиард доллар немесе 1,7 триллион теңге.

OTP Group үшін пайданың шамамен 70 пайызын шетелдік активтер қамтамасыз етті. Меншікті капиталдың рентабельділігі 23,5% құраған. Ал шығындар мен табыстардың арақатынасы 41,3%-ға дейін жақсарды. Топтың кірісі 17%-ға, ал операциялық пайдасы 22%-ға өсті. Биыл OTP өзінің несие портфелін 9%-дан жоғары өседі деп болжап отыр.

OTP
Фото: Nege.kz

OTP Group үшін НЕГЕ Еуразиялық банк қолайлы болып тұр? Еуразиялық банктің капиталы 400 миллиард теңгеден асады. Оның 348 миллиард теңгесі үлестірілмеген кіріс. Мемлекетке 150 миллиард теңге қарызын осы үлестірілмеген кірістен өтелді делік. Сонда қалған 198 миллиард теңгені Ибрагимов, Шодиев, Машкевичтер сынды акционерлер өзара бөліп алған жағдайда олар OTP Group-ке банкті 800 миллион долларға сатуға қуана келіседі деп ойлаймыз.

Немесе Еуразиялық банктің қазіргі қожайындары мемлекеттік қарызды өтеуді жаңа қожайынға қалдырып, өздері банк капиталында жатқан кемінде 300 миллиард теңге кірісті бөліп, оның үстінен 800 миллион немесе 1 миллиард доллар талап етуі ғажап емес.

OTP
Фото: Nege.kz

Тек банкті сатудың осы схемаларына қатысты акционерлер Шухрат Ибрагимов пен Шодиевтер отбасы арасында өзара келісім жоқ. Олардың соттасуға дейін барғанын білесіздер. Тимур Турлов Еуразиялық банкті сатып алайын дегенде акционерлердің бір-біріне қарсы осындай тірлігі кедергі келтірген болатын.

Еуразиялық банкті дәл қазір сатып жіберген тиімді. Себебі, биылғы жылдың бірінші жартысында банктің негізгі қаржылық көрсеткіштері айтарлықтай құлдыраған. Биылғы алты айда қаржы ұйымының таза табысы 30,5 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл былтырғы 51,4 миллиард теңгеден анағұрлым аз. Банктегі активтердің көлемі былтырғы 3,13 триллион теңгеден 2,99 триллионға түсіп қалды. Нәтижесінде, банк акциясының баланстық құны 18 879,3 теңгеден 18 806,96 теңгеге арзандап кетті.

Осының барлығы халықаралық рейтинг агенттіктерінің назарынан тыс қалмады. Тамыз айында «Moodys» халықаралық агенттігі «Еуразиялық Банк» АҚ кредиттік рейтингіндегі болжамды Тұрақтыдан Негативті деңгейге түсірді.

Банк Өзбекстандағы бизнесінен айрылды. Сондықтан, қаржылық жағдайы нашарлау сипат алып бара жатқан банкке сатып алушы табыла кеткеніне шүкір. Бірақ банк акционерлері тағы да өзара керісіп, мәмілені құртып алса да таң қалмаймыз.