Forbes ең бай әншілердің тізімін жариялады

Бес жыл ішінде 29 жастағы америкалық әнші Тейлор Свифт екінші рет үздік деп танылды. Тіпті, ол осы жолы рэп орындаушы Канье Уэстті артта қалдырған. Ол биыл 185 миллион доллар қаржымен көш басында. Музыкалық сарапшылар орындаушының бұл жетістігін жарнама мен түрлі шығармашылық іс-сапардың нәтижесі деп түсіндіреді.
Біздің жұлдызды тізімді америкалық продюсер әрі рэп орындаушы Канье Уэст толықтырады. 150 миллион доллар еншілеген ол қомақты қаржыны әлемдік брендке амбассадор болуының арқасында қол жеткізді.
Бұл тізімнің үшінші сатысына Ұлыбританияның 28 жастағы дарынды музыканты Эд Ширан табан тіреді. Ол әлемдік үлкен ареналарда шоуға толы кеш өткізіп, ән сапар ұйымдастыруының нәтижесінде 110 миллион долларды қалтасына салды.
Төртінші орын 1971 жылы шығармашылық жолын бастаған америкалық «Eagles» рок тобына бұйырды. Олар - ән әлемінде әйгілі «The Beatles» және «Led Zeppelin» тобынан кейінгі жұлдызды үштік. Өнер иелері былтыр 100 миллион долларды өзара бөлісті.
Жұлдызды тізімді «Грэмми» сыйлығының иегері 72 жастағы кәсіби маман Элтон Джон толықтырды. Музыка индустриясының дамуына зор үлес қосқан өнер иесі өткен жылы 84 миллион доллар табыс тапты.
Бұл тізімді 81 миллион доллармен рэп орындаушы Jay-Z мен Бейонсе, 75 миллион доллармен Drake, 70 миллион доллармен Diddy және 68,5 миллион доллармен «Metallica» тобының өнерпаздары қорытындылады.