Fly Arystan-ға қатысты тексеріс министрдің жеке өтінішімен басталған
Тексеріс FlyArystan экс-қызметкері Ренат Абулхановтың Air Astana басшылығына қатысты мәлімдемелерінің шынайылығын анықтау аясында жүріп жатыр.
Астана, NEGE. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев FlyArystan әуе компаниясының бұрынғы қызметкері Ренат Абулхановтың Air Astana топ-менеджерлеріне жеңілдікпен билет сатқаны жөніндегі мәлімдемесіне қатысты алғаш рет пікір білдірді.
Министрдің айтуынша, әлеуметтік желі мен БАҚ-та жарияланған ақпаратқа байланысты Азаматтық авиация комитеті тексеріс бастаған. Бұл шара министрдің жеке тапсырмасымен жүргізілуде.
«Ақпараттық кеңістікте жарияланған мәліметтерге байланысты тексеріс жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша бөлек есеп ұсынамыз», – деді ол.
Еске салсақ, FlyArystan компаниясының бұрынғы қызметкері Ренат Абулханов Air Astana өзінің топ-менеджерлеріне әуе билеттерін жеңілдікпен сатқанын мәлімдеген еді. Абулханов Air Astana компаниясында 2011–2015 және 2019–2024 жылдары жұмыс істеген, ал оның соңғы қызметі Air Astana құрамындағы FlyArystan бөлімшесінің маршруттық желіні жоспарлау және кірістерді басқару жөніндегі директоры болған. Жеңілдікпен берілген билеттерді алушылардың қатарында Air Astana басшысы Питер Фостердің жұбайы Татьяна Фостердің де есімі аталған еді.