Финляндия қатарынан сегізінші рет әлемдегі ең бақытты ел деп танылды

Үздік бестікте Дания, Исландия, Швеция мен Нидерланд бар. Ал АҚШ 24-орыннан көрінді, деп жазды 24.kz.
Алматы, NEGE. Жапония мен Оңтүстік Корея сияқты дамыған елдерден басып озған Қазақстан тізімде 43-ші орында тұр. Бұл рейтингті Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған.
Финдердің ең бақытты болуының сыры неде? Халықаралық сауалнамаға 147 мемлекет қатысты. Бақыт 6 фактор бойынша айқындалған. Олар әлеуметтік қолдау, табыс, денсаулық, еркіндік, жомарттық және жемқорлықтың болмауы.
Сауалнамаға қатысқан азаматтар өмір сүру деңгейін нөлден 10-ға дейінгі ұпаймен бағалады. Нәтижесінде финдер ең бақытты тұрғындар болып шыққан. Олардың материалдық жағдайы ғана емес, қайырымдылыққа сену, ұжымшылдық, достық, сондай-ақ отбасының берекесі жоғары.
Ян-Эммануэль Де Нев, Оксфорд университетінің экономика профессоры:
- Финляндия жері бай, халықты қолдау жүйелері жақсы жолға қойылған ел. Адамдар үшін барлық жағдай жасалған. Үкімет тұрғындарға қиындақтармен күресте қаржылық және психологиялық жағынан үнемі көмектеседі. Финдер дұрыс тамақтанады, саламаттық өмір салтын ұстанады, осының арқасында ұзақ жасайды. Сондай-ақ елде тегін және қолжетімді медицина бар. Тағы бір маңызды фактор – қоғамда жоғары сенім деңгейі бар.
Ғалымдар кейінгі жылдары адамдар арасында стресс пен алаңның күшейгенін айтады. Олар мұны әлемдегі геосаяси жағдайлармен, экономикалық дағдарыспен, қарулы қақтығыстармен және белгісіздік күйімен байланыстырады.
Ян-Эммануэль Де Нев, Оксфорд университетінің экономика профессоры:
- Саяси тұрақсыздықтың ықпалы зор. Көп адамда қазір жағымды эмоциядан гөрі жағымсыз эмоция басым. Мына рейтинг кейінгі 3 жылдағы орташа мәліметті негізге алады. Ал бұл уақытта әлем бойынша геосаяси ахуалдың қатты ушыққаны белгілі.
Дүниежүзілік Бақыт туралы есеп 2012 жылдан бері жүйелі түрде жарияланып келеді. Мақсаты - Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму мақсаттарына қолдау білдіру. Зерттеу американдық Gallup компаниясының деректеріне және Оксфорд университеті ғалымдарының сараптамасына негізделеді.