20 Мамыр 18:37

«ЖК-ның керегі жоқ». Құрылыс компаниялары Алматы тұрғындарын НЕГЕ жек көре бастады?

Фото:

Алматыда құрылыс компаниялары мен жергілікті тұрғындар арасында қырғиқабақ соғыс басталғалы біраз болды. Басқа қалаларда әзірге ондай проблема байқалмайды. Құрылыс компаниялары «халық бізге жұмыс істетпей жатыр» деп шағымданса, халық «человейниктер» қала тынысын тарылтқанын айтады.

Алматыда басталған реновация жобасы тұрғындар мен құрылыс компанияларын екіге бөліп тастады. Қазіргі жоспар бойынша, мегаполисте ескірген 708 үй бұзылып, оның орнына жаңа 683 үй салынуы тиіс. Бірақ RAMS құрылыс компаниясына қатысты даудан кейін құрылыс жоспарларына тұрғындар белсене араласа бастаған.

Естеріңізде болса, онда ескі комбинаттың аумағына араның ұясындай үйлер тұрғызамыз деген RAMS жоспарына белсенді тұрғындар қарсы шығып, құрылыс компаниясы өз жобасын қайта қарауға мәжбүр болған еді. Осы оқиғадан кейін құрылыс компаниялары одақтар мен қауымдастықтарға жанталаса бірігіп, дауыстарын қаттырақ шығара бастады.

57 үйден тұратын RAMS City жобасы. Фото: SaveAlmaty Facebook парақшасынан

«Тұрғындар бульдозердің алдына жатуға дайын», – деді қаладағы тұрғын үй мәселесіне қатысты дөңгелек үстел барысында қоғам белсендісі Салтанат Тәшімова.

«Халық пен құрылыс салушылар арасындағы қақтығыстар одан да қауіпті жағдайға ұласуы мүмкін. Стихиялық құрылыстар – қаланың желдетілуін төмендетеді және Алматыдағы экологиялық апаттың негізгі факторы. Қазір мемлекет құрылыс компанияларының мүддесіне қызмет етіп отыр. Ал тұрғындардың пікірі елеусіз қалуда»

«Отбасы банк» мәліметі бойынша, Қазақстандағы баспана тапшылығы шамамен 155 мың пәтер. Тегін үй кезегінде 548 мың адам тұр. Баспана дефициті жоғары демография мен ауылдардан қалаларға ағылған көштің толастамай тұрғанымен байланысты.

Мәселенің ең шиеленіскен жері Алматы болып отыр. 600 мың тұрғынға арналып жобаланған қалада қазір 3 млн адам тұрады. Ұлтарақтай бос жер болса, сол жерді құрылыс компаниялары қоршап алып, үй салып тастауға машықтанып алған. Ал сол жердің жолдары мен мектебіне, ауруханасына түсетін ауыр жүк оларды еш мазаламайды. Тұрғындар осыны айтып, шағымданып отыр.

Құрылысшылар да тұрғындарға қарсы өз уәжін айтуға дайын. «Бізді түртпектей берсе, біз Алматыдан басқа қалаларға кетіп қалуға дайынбыз», – дейді Құрылыс саласы одағының төрағасы Ералы Сауранбаев.

«Кейін мұның бәрі кері әсерін береді. Мысалы, жұмыс орындары қысқарады. Үнемі президентке хат жаза беріп, мемлекетті манипуляциялаудың қажеті жоқ. Біз диалогқа дайынбыз. Бізге ең маңыздысы – сенім. Егер жанжал, дау туындай беретін болса, Алматыда құрылыс алға жүрмейді»

Қоғам белсенділері құрылыс компанияларын «сараң, құлқынның құны үшін бәрін сатып жіберуге дайын» деп айыптап отыр. Оған қарсы дәйек келтіргісі келген Қазақстан құрылыс компаниялары қауымдастығының президенті Виктор Макрюков қазіргі тұрғын үй құрылысының маржасы 4-8% дегенді айтады. Бірақ екі тарап та бір-бірінің ақпаратына сенбейді.

«Алматының орталық бөлігіндегі ескірген тұрғын үй қорын бәрібір жаңарту қажет», – дейді Nege.kz шолушысына жағдайды түсіндірген Қазақстан риэлторларының біріккен қауымдастығы вице-президенті Нина Лукьяненко. Оның айтуынша, Кеңес одағында салынған үйлердің көпшілігі енді пайдалануға жарамсыз. Қолдану мерзімі біткен. Оларды күтіп ұстауға шығын шығарғанша, сүріп тастап, жаңа үй салу тиімді.

Ең бастысы, Нина Лукьяненконың пікірінше, реновация барысында барлық тараптардың ұстанымын ескеріп, тұрғындармен диалог жүргізіп, тарихи маңызы бар үйлерді сақтау қажет.

«Баланс керек. Билік халыққа тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу қажеттілігін неғұрлым ашық түрде түсіндіріп, барлық экологиялық стандарттарды сақтау үшін халықпен кеңесіп отыруы тиіс. Шынымен де тарихи ғимараттар сақталуы қажет. Ал құрылыс компаниялары халықтың тілегін ескеруі керек. Ескі үйлердің бәрі тарихи ғимарат емес. Соны білген жөн»

Реновация мәселесінің Алматыда қалай шешілетіні мегаполистің дамуы мен болашақта осы проблема алдынан шығатын басқа да қалалар үшін өте маңызды. Егер тараптар келісімге келе алмаса, әкімдік кімнің жағында болады?

Жалпы, Сағынтаев басқарып отырған әкімдікке құрылысшылардың да, тұрғындардың да сұрағы өте көп. RAMS мәселесіндегі әкімдіктің қылығы құрылыс компанияларының шамына тигені рас. Ал тұрғындар талап-тілектерге әкімдіктің құлақ аса бермейтініне өкпелі.

Бақытжан Сағынтаев қиын жағдайда қалып отыр. Бірақ мәселені қазір шешпесе, ертең оған одан да қиын болады.

Тегтер: