10 Тамыз 18:40

Тағы бір ұлттық компания жабылды. НЕГЕ жаппай қысқарту ауыл шаруашылығына жаңа леп бермек?

Фото:

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы Аграрлық несие корпорациясына қосылмақ. Қордың акционері болып табылатын «Бәйтерек» холдингі тиісті Жол картасын қабылдады.

Бұған дейін «ҚазАгро» сапында ұсақ фермерлерге қызмет етіп келген Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры осымен өз жұмысын аяқтайтын болады. Оның несие беру жөнінегі функциялары жаңа акционері – «Бәйтерек» холдингіне кіретін «Даму» қорына берілмек. Қордың өзі Аграрлық несие корпорациясына қосылғаннан кейін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығындағы операторлардың санын қысқарту бойынша тапсырмасы орындалып бітпек.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Аграрлық несие корпорациясына қосылуы оңай болмайды деп ойлаймын», - дейді, қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов. «Бірақ дәл осы жерде «Бәйтерек» холдингінің үлкен тәжірибесі бар».

«Даму» қоры қазірдің өзінде фермерлер мен шағын шаруа қожалықтарымен жұмыс істейді. Сондықтан олардың қордың функцияларын алып, онымен жұмыс істеуде үлкен тәжірибелері бар. Ал ірі жобаларды несиелеуде «Қазақстан даму банкінің» тәжірибесіне сүйенуге болады»

2020 жылдың қортындысы бойынша Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының активтері 222 миллиард теңгеден асса, міндеттемелері 129 миллиард теңгеге жеткен. Компанияның капиталы 93 миллиард теңгені құрады. Қор 5,4 миллиард теңге таза кіріс түсірген.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 2020 жылдың қортындысы бойынша қаржылық есебі. Аудитор: BDO Kazakhstan

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының топ-менеджерлері жұмыссыз қалса да, оған қатты өкінбеуі тиіс. Басшылық құрамына кіретін 7 адамға 2020 жылы толықтай алғанда 128 миллион теңге төленген. Орташа есеппен бір басшы айына 1,5 миллион теңге алып келді.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 2020 жылдың қортындысы бойынша қаржылық есебі. Аудитор: BDO Kazakhstan

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы қол қойған жарлыққа сай, «Бәйтерек» пен «ҚазАгро» холдингтері бірігіп, құрамындағы еншілес компаниялардың санын екі есе азайтуы тиіс.

Осыған орай арнайы Жол картасы қабылданған. Қазір барлық қысқартулар мен бірігулер осы құжат шеңберінде жүзеге асып келеді.

Тегтер: