11 Қаңтар 17:33

Сайлаудан кейінгі экономика. Жаңа үкімет пен парламент НЕГЕ экономикаға түбегейлі өзгеріс әкеле алмайды?

Фото:

«Nur Otan» партиясының жеңісінен кейін экономистер «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды уәделер жиынтығын тағы бір рет жіктеп шығатынына сенімдіміз. Nege.kz сарапшыларының пайымдауынша, платформа түбегейлі реформа емес, бұған дейін жүріп келе жатқан жолды жалғастыра беруді көздейді.

«Ешқандай өзгеріс күтпеймін», – дейді «Ұлағат консалтинг групп» директоры Марат Қайырленов. «Сайлаудан кейін ештеңе өзгермейді, өйткені билеуші ​​партия басымдығын сақтап қалып, көпшілік дауыс алды».

«Егер қандай-да бір өзгерістер болса, ол ештеңе шешпейтін министрлерді басқасына алмастыру сынды жұмыстармен аяқталады. Ал экономиканың құрылымы сол қалпы қалады. Әрине, бұрқыратып жұмыс істеп жатырмыз деген имитациялар, қатқыл мәлімдемелер болуы мүмкін. Бірақ іс жүзінде ештеңе өзгермейді»

Өркениетті елдер жағдайында, басым дауыспен жеңіске жеткен партия өз сайлауалды платформасын жүзеге асыруы тиіс. Ал азшылықта қалып отырған партиялар оған оппозиция болады. Мұндай теорияда, «Nur Otan» өзінің экономикалық жоспарларын енгізіп, ал «Ақ Жол» мен «Қазақстанның Халық партиясы» оның әр қадамын аңдып, бақылап отыруы керек. Бірақ біздегі басты проблема ол емес, сайлауалды платформа – яғни партияның негізгі стратегиялық құжатының орындалмай қалуы.

«Nur Otan» сайлауалды уәделері әлеуметтік жағдайдың жақсаруына арналған. Лозунг ретінде мықты, бірақ қазіргі экономикалық дағдарыс картинасында оның орындалуына қатысты үлкен сұрақтар туындайды», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары.

Мысалы, «Nur Otan» мұғалімдердің еңбекақысы екі есеге өсіп, 2024 жылға қарай олардың табысы орта есеппен 330 мың теңгеге жетеді деп уәде береді. Ал 2023 жылға қарай дәрігерлердің еңбекақысы 2,5 есе өсіп, кем дегенде 550 000 теңге, ал орта медициналық персоналдың жалақысы кем дегенде 190 000 теңге болады деп көрсетеді.

Елдегі білім саласының жарты миллион қызметкері, 70 мың дәрігер мен 120 мың медицина қызметкері бар екенін ескерсек, мұғалімдер мен дәрігерлерге мұндай айлық төлеу үшін бір жылда шамамен 2,7 триллион теңге керек. Оған бюджет ақшаны қайдан алады?

Мысалы, 2021 жылы елдегі барлық мұнай компанияларынан Ұлттық қорға түсетін қаржы көлемі 1,9 триллион теңге болады деп жоспарланған.

«Біз әлеуметтік, медициналық сақтандыру қорлары мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты ескерілетін «кеңейтілген бюджет» енгіземіз», – деп жазады «Nur Otan». Бірақ ол қорлардың құрылғандағы өзіндік мақсаты болған. Олар жинақ қорлары деп саналатындықтан, ондағы жинақталған қаржыны қазіргі қажеттіліктерге жұмсап тастау экономикалық коллапс тудыруы мүмкін.

Сондықтан, экономикадағы әдемі ертегілер елітсе де, бәрібір үкімет қалтаға қарап көсілуге мәжбүр болады. Ол дегеніміз, қазіргі постдағдарыс жағдайына лайықталған, үкімет те үйреніп алған ескі модель іске аса береді деген сөз.

Тегтер: