9 Желтоқсан 08:53

Президенттің сөзі, министрлердің ісі. Сарапшылар тапсырма мен нәтижені НЕГЕ салыстыра бастады?

Фото:

Президент Тоқаевтың зейнетақы алымдары бойынша Жолдауында берген тапсырмасын орындау процесі шарықтау шегіне жетті. Қойылған міндет пен орындалған істің арасы қаншалықты алшақ?

Мемлекеттік органдар мәре сызығына жетіп қалды. Оны Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің қоғамдық талқылау порталында зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін баспанаға жұмсау ережелерін, ҚНРДА-ның зейнетақы алымдарын басқаруға алатын компанияларға деген талаптар жобасын жариялай бастағанынан көруге болады. Себебі, қажетті заң актілері жаңадан дайындалып, ескісіне өзгерістер енгізіліп, қалай болғанда да үкімет президент тапсырмасын 2021 жылдың басында орындадық деп есеп беруі тиіс. Және үкіметтің бекітілген уақытқа үлгеретініне күмән жоқ. Әңгіме басқада. Президент тапсырмасы қандай еді, ал Үкімет оны қалай орындады?

«Меніңше, осы жерде үлкен бұрмалаушылық болды», – дейді «Ұлағат Консалтинг групп» директоры Марат Қайырленов. «Президент cөзінің бастапқы идеясы халықты табысы жағынан қолдау болатын. Сайып келгенде, бәрі керісінше жасалды».

«Қаржы жинағы белгілі бір шектен асып жығылғандарға ғана берілетін болды. Демек, тұрмысы төмен халық бұл шарадан тыс қалды. Бастаманың қамту аясы тым тар болады. Мұның халықтың 94 пайызына еш қатысы жоқ. Ақшаға тек қана азаматтардың ат төбеліндей 6 пайызы ғана қол жеткізе алады».

«Ұсыныста, әрине, біраз жақсы мүмкіндіктер бар», – дейді GSB UIB бизнес мектебінің директоры Мақсат Халық. Бірақ, оның айтуынша, президенттің осы ұсынысының түпкі мақсаты орта тап өкілдеріне жинақтаған қаржыларын өзіне инвестиция жасауына мүмкіндік беру еді. Алайда бағыт сәл ауытқып кетті.

«Неге осы жинақтарды тұрғын үй нарығына, құрылыс саласына басым бағыт ретінде бағыттап отыр? Мені осы мәселе толғандырады. Құрылысқа көп мән беріліп жатыр. Бірақ балама ретінде басқа салаларды да қарастыруға болар еді. Мысалы, денсаулық сақтауға қаржыны жұмсау бойынша нақты мәліметтер қайда? Одан кейін білімге қатысты да осындай мүмкіндіктер берілсе. Менің ойымша, білімін одан әрі жетілдіргісі келетін азаматтар аз емес. Соған қатысты нақты университеттер, нақты мамандықтар бойынша білім алуға зейнетақы қаржысын жұмсауға мүмкіндік берілуі керек еді»

«Халық бұл бастаманы теріс қабылдайтын болады. Зейнетақы жарналарын қанша жинақталғанына қарамастан алуға рұқсат етілсе, дұрысырақ болар еді», – деп жалғастырады Марат Қайырленов. «Мысалы, баласы бар отбасыларға зейнетақы жинағында 100 мың теңге немесе ортақ көлемнің 10 пайызын қалдырып, қалғанын шешіп алуға мүмкіндік берілуі керек еді. Себебі, баласы – ертеңгі зейнет жасындағы қамсыз өмірінің кепілі».

«Біз шикізат дәуірі аяқталып келе жатқанын көріп отырмыз. Ендігі инвестицияның барлығы адами капиталға жұмсалуы керек».

Мақсат Халықтың айтуынша да, бастаманың аясы тым тарылып қалған. «Мысалы, көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан зейнетақы аннуитеті. Қазір оған тек 10 миллион теңге жинаған азаматтар ғана қатыса алады. Соның шегін 7 миллионға дейін түсірсе. Сонда көптеген азаматтар дәл сол күні жинағанын шешіп алмай, аннуитетке жүгінер еді».

«Өйткені 55 жастан бастап зейнетке шығып кету, өз қаражатыңызды сақтандыру қоры арқылы алып отыру көптеген азаматтарды қызықтырары сөзсіз. Өз басым, зейнетақы аннуитетін шешіп алып, баласын Ұлыбританияда оқытқан адамды көрдім. Осы жақтарын да қарап, дамытса екен деген өз пікірім бар».

Nege.kz есебінше, президент тапсырмасының орындалу эффектісі тек келесі жылдың соңында көрінетін болады. Тіпті оның, инфляцияға да әсері тиері анық. Бірақ, осы тапсырма дұрыс орындалды ма, жоқ па, оны тек Мемлекет басшысы ғана айта алады.

Біздің ойымызша, бұл бағыттағы мемлекеттік органдардың жұмысына тиісті бағаны президент келесі жылы үкіметтің кеңейтілген отырысында беретін болады. Сондықтан тағы күтуге тура келеді.

Тегтер: