14 Мамыр 18:00

Номиналды және тиімді ставка. Олардың айырмашылығы неде?

Фото:

Кредиттердің жарнамасына қарасақ, ставкалары төмен болып көрінеді. Оны банктер бір-бірімен бәсекелестік кезінде, өздеріне клиент тарту мақсатында жасайтынын біле жүру керекпіз. Ал шын мәнінде кредиттің номиналды ставкасы бар, сонымен бірге тиімді ставкасы бар. Екеуінің аралары кейде жер мен көктей болып жатады. Сіздің нақты шынайы шығыныңыз бен артық төлеген сомаңызды тек қана тиімді ставка көрсетіп бере алады.

Қазақстандағы және кез-келген басқа елдердегі банктің жұмыс тәртібі бірдей деп жазады, ИпотекаБлог. Несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі дегеніміз, қарапайым тілмен айтқанда банктің сізге несие бергені үшін үстінен көретін ақысы.

Кредиттің нақты құнын тек тиімді ставка ғана көрсете алады. Бірақ қарапайым азаматтар жарнамадағы сандарға сенетіндіктен төмен пайыз деп алданып қалып жататын жайы бар.

Номиналды ставка деген не?

Біз үйреніп қалған жылдық мөлшерлеме номиналды ставка деп аталады. Және осы мөлшер жарнамада көрсетіледі. Мұнда тек несие бойынша пайыздар ғана ескеріледі.

Тиімді жылдық ставка деген не?

Сіз білуіңіз керек, «несие бойынша пайыздардан» басқа, несиені қайтару және қызмет көрсету бойынша көптеген шығындар бар. Әр түрлі комиссиялар жетіп артылады. Және оның бәрін банк менеджері сізге айта бермейді. Сондықтан мұндай алаяқтықтың алдын-алу үшін ҚНРДА кредит беретін ұйымдарды қарыз алушыға арнайы ескертпе беруін міндеттейді. Ондай ескертпеде Сіздің нақты шығындарыңыз, тиімді ставка мен артық төлем мөлшері көрсетілуі тиіс. Несие бойынша пайыздардан басқа барлық сіздің шығындарыңыздың жиынтығын есептеп көрсететін көрсеткіш тиімді ставка деп аталады. Бір сөзбен айтқанда, тиімді ставка — бұл несие алудың нақты құны.

Тиімді ставка неден құралады?

Кредиттік ұйымдар «Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілетін, жеке тұлғаға берілген банктік қарыз және микрокредит беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесін бекіту туралы» Ұлттық Банк қаулысына сәйкес комиссияларды жасырмай, тиімді ставканың құрамына кіргізуі тиіс.

Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілетін, жеке тұлғаға берілген (берілетін) қарызды, микрокредитті беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерге мынадай комиссиялар мен өзге де төлемдер жатады:

1. Қарыз, микрокредит алуға өтініш пен құжаттарды қарағаны үшін;

2. Қарыз, микрокредит ұйымдастырғаны үшін;

3. Микрокредит бергені үшін;

4. Берілген қарыздың, микрокредиттің талаптарын өзгерткені үшін комиссиялар:

  • өтеу кестесін;
  • қарыз валютасын;
  • сыйақы мөлшерлемесін;
  • қарызды, микрокредитті өтеу әдістерін;

5. Шарт талаптары өзгерту бойынша;

6. Банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша клиенттің міндеттемелерін қамтамасыз ететін және кепіл берушінің пайдалануындағы кепіл шарты бойынша кепіл затын сақтандыру кезіндегі клиенттің сақтандыру ұйымының пайдасына төлемдерін қоспағанда, егер сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы басталған жағдайда екінші деңгейдегі банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым (бұдан әрі — банк), микроқаржы ұйымы пайда алушы болса, клиенттің сақтандыру ұйымының пайдасына төлемдері;

7. Клиенттің кепілдік (кепілгерлік) алу үшін кепілгерге (кепілдік берушіге), кепілге берілетін мүлікті бағалау үшін бағалаушыға төлемдері;

8. Банкке, микроқаржы ұйымына клиенттерді тарту, клиенттер ұсынатын құжаттарды қарыз, микрокредит беру талаптарына сәйкестікке тексеруді жүзеге асыру, клиенттердің құжаттарын банкке, микроқаржы ұйымына беру, банктің, микроқаржы ұйымының клиенттерінен қарыздарды, микрокредиттерді өтеу есебіне төлемдер мен аударымдарды қабылдау бойынша қызмет көрсететін ұйымдардың (делдалдардың) пайдасына клиенттің төлемдері;

9. Клиенттің өтініші бойынша қарыз, микрокредит бойынша несие берешегі туралы анықтаманы бергені үшін;

10. Қарызды ішінара (толығымен) мерзімінен бұрын өтегені үшін.

Тиімді ставканы қалай есептесе болады?

Қарыз бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін есептеу үшін ҚНРДА арнайы калькулятор жасап шығарған. Пайдаланушы енгізген деректер негізінде калькулятор қарыз бойынша тиімді мөлшерлеменің мәнін есептейді.

Тегтер: