2 Қыркүйек 14:12

Нәтижесіз «неке». «ҚазАгро» мен «Бәйтеректің» қосылуына экономистер НЕГЕ қуанбайды?

Фото:

Президент соңғы кездері сынға ұшырап жүрген «ҚазАгро» мен «Бәйтерек» ұлттық холдингтерін біріктіруді тапсырды. Соның салдарынан мыңнан астам адам жұмыс орнынан айрылады, бірақ әкімшілік шығындар үнемделмек. Бұл қысқарту негізгі стратегиялық мақсатты шеше алмайды. Неге?

«ҚазАгро» мен «Бәйтерек» холдингтерінің бірігуі барлығына тиімді деп айтуға ерте», – дейді қаржы сарапшысы Владислав Туркин. «ҚазАгро ауыл шаруашылығын дамытуға нақты, стратегиялық түрде қатыспады. Ол тек делдалдық қызмет атқарып келді».

«ҚазАгро» ұлттық холдингі мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамытудағы құралы болатын және президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сын садағына ең көп іліккен мекеме ретінде тарихта қалмақ. Қарызға батқан холдингке 2019 жылы трансформациядан өтіп, сыртқы тәуекелдерді қысқарту бойынша тапсырма берілді. «ҚазАгро» ол тапсырманы толықтай орындап үлгермеді. Енді бір нәрсе анық – біріккен жаңа холдингтің атауы басқа болады. Себебі «ҚазАгро» да, «Бәйтерек» атауы да имидждік тұрғыдан зиянды. Қазір қоғамның көзіне «ҚазАгро» десе, жұмыс істей алмайтын, қарызға батқан мекеме елестейді, ал «Бәйтерек» десе, жемқорлар жайлаған компания көлбеңдейді. Бәйтеректің репутациялық келбетіне Қуандық Бишімбаевтың ісі де себеп болды.

«Бұл жерде сұрақ көп. Бірігу қалай жасалады?», – дейді EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев. «Екі холдингте де нашар активтер жетерлік».

«Мысалы «Бәйтерек» құрамында жұмыс істемейтін кәсіпорындарды жиып отырған «Қазақстанның инвестициялық қоры» бар. Штаттағы қызметкерлер қалай қысқарады? Бас кеңсесі қайда болады, «ҚазАгрода» ма, «Бәйтеректе» ме?»

Владислав Туркиннің айтуынша, «ҚазАгроның» «Бәйтерекпен» бірігуі тек қана техникалық қызмет көрсету шығындарын оңтайландырады және делдал құрылымдарының санын азайтуға мүмкіндік береді.

«Бірақ бұл агроөнеркәсіптегі мемлекеттік бағдарламалардың тиімсіздігі, мемлекеттің экономикадағы тым жоғары үлесі, нарықтық механизмнің бұрмалануы сынды негізгі проблемаларды шешпейді», – деп өз ойымен бөлісті сарапшы.

«Мен өз басым олардың қосылғанын дұрыс көремін», – деді Nege.kz тілшісіне түсініктеме берген GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық.

«Себебі «Бәйтерек» холдингі минуста емес, былайша айтқанда, табыс әкеліп отыр. Ал «ҚазАгро», өздеріңіз білесіздер, оның тиімділігіне көптеген сын айтылды. Жұмысты ұйымдастыру, қаржыны фермерлерге жеткізу бойынша сұрақтар болды. Тарихы жақсы емес».

«Оны оңтайландырып, «Бәйтерекке» қосып отырғандарының бір себебі осында сияқты. Бірігу іске асып жатса, онда ортақ компанияның жұмысы тиімді болады деп ойлаймын»

«Бірақ қалай десек те, бір дәуірдің біткенін көріп отырмыз», – деп жалғастырады Андрей Чеботарев.

«Бұл негізінде холдингтерді жою. Бірақ жоюды біріктіру сылтауымен әдемі келтіріп отыр».

«Осыны бұрыннан жасау керек еді, өйткені Қазақстан аграрлы ел емес. Жалпы ішкі өнімдегі агроөнеркәсіптік кешеннің үлесі небәрі 2 пайыз ғана. Мемлекет ауыл шаруашылығын шындығында тек ауылда тұратын азаматтар үшін, оларға жұмыс болсын деп қолдап келеді. Сондықтан бұл холдингтердің тезірек жабылғаны дұрыс болды»

Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тікелей бағынатын «Самұрық-Қазына» қорына қарағанда, «ҚазАгроның» да, «Бәйтеректің» де тізгіні үкіметтің қолында. Демек, үкімет жыл соңына дейін жаңа холдингтің әкімшілік құрылымы, жойылатын еншілес ұйымдары мен басшылық құрамы бойынша ортақ шешімге келуі тиіс. «Бұл оңай болмайды» дейді сарапшылар.

Ендеше, алдағы уақытта ресурстар үшін күресте үлкен аппараттық ойындарға куә болатынымыз анық.

Тегтер: