17 Наурыз 15:38
...

Мемлекет қаржысын қылдай бөлісу. «Jusan bank» қаржылық есебі НЕГЕ күмән туғызды?

Фото:

«Jusan bank» акционерлері 2020 жылы мемлекеттің қаржылық қолдауы есебінен банктен дивиденд ретінде 113 миллиард теңге шығарып алған. Одан бөлек, басқарма құрамына кіретін басшылары бір жылда жалақы, бонус, премия түрінде банктен шамамен тағы 15 миллиард теңге пайда көрген.

«Jusan bank» қоғам мен сарапшылар қысымына шыдай алмай, ақыр аяғында 2020 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген есебін жариялады. Осы есепті банк бір жыл бойы жасырып келген болатын. Және оның НЕГЕ мұқият жасырылғанын енді көріп отырмыз.

«Jusan bank» АҚ 2020 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржы есебі. Аудитор: KPMG

«Jusan bank» бойынша жағдайды жақсы білетін Nege.kz дереккөзінің айтуынша, мемлекеттен алынған көмек субординацияланған қарыз дисконты түрінде қаржылай табысқа жатқызылған.

Оның көлемі 2020 жылы 120 миллиард теңге болған.

Табыс деп танылса, заң бойынша одан банк акционерлері дивиденд ала алады. Сондықтан 113 миллиард теңгені акционерлер өздеріне алып алған. Ал «Jusan bank» акционерлері кім?

«Jusan bank» АҚ 2020 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржы есебі. Аудитор: KPMG

Аудиттелген қаржылық есепте 2020 жылғы жағдай бойынша банктің түпкі қожайыны «Назарбаев Фонд» жеке қоры екені ашық жазылады. Қор банкті «First Heartland Securities» инвестициялық тобы арқылы бақылайды. Мемлекет есебінен банктің қожайыны ғана емес, оның жалдамалы басшылары, яғни басқарма құрамының мүшелері де жақсы табыс тапқан.

«Jusan bank» АҚ 2020 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржы есебі. Аудитор: KPMG

Мысалы, 2019 жылы «Jusan bank» басшылығы өзіне айлық, бонус, премия ретінде небәрі 1,7 миллиард теңге жұмсаса, 2020 жылы тәбеттері 9 есеге өсіп, 15 миллиард теңгені бөліске салған.

Бір қызығы, «Jusan bank» оның алдында «Firsh Heartland» болып тұрған кезінде, 2013-2019 жылдары акционерлеріне дивиденд төлемегенін көреміз. Белсенді түрде дивидендті олар тек мемлекеттің қолдауы пайда болған уақыттан бастап мол көлемде ала бастаған.

Енді мемлекет «Қазақтелеком» ұлттық компаниясындағы былықтарды түбегейлі тексеретін болса, оның бір ұшығы «Jusan bankке» келіп тірелетінін жоққа шығаруға болмайды. Мәселе, «Kcell» ұялы байланыс операторының мемлекетке қарасты акцияларын «First Heartland Securities» қаржылық тобының қалай сатып алуында болып отыр.

Kcell-дің мемлекеттік үлесі сатылар кезде, оның акциялары белгісіз себептермен Қазақстан қор биржасында екі есе арзандап кеткені әлі есімізде...

Тегтер: