20 Сәуір 18:39
...

Қураған жусан. «Jusan bank» ақшасы НЕГЕ азайып барады?

Фото:

2020 жылдың қортындысы бойынша «Jusan bank» капиталы шамамен 28 миллиард теңгеге кеміген. Қаржы институтына «АТФБанк» қосылғаннан кейін, оның қаржылық тәуекелдері, керісінше, көбейіп кетті.

Өзінің аудиттелмеген жылдық есебінде «Jusan bank» активтердің 1,65 триллион, міндеттемелердің шамамен 1,33 триллион теңге екенін көрсетеді. Сонда банк капиталы 311 миллиард теңгеге жетіп отыр. 2019 жылы банк капиталы 340 миллиард теңге еді. Әрине, тіпті қазір де банк қадағалаушы органдардың барлық пруденциалды нормаларына жауап бере алады. Бірақ енді өтетін AQR «Jusan bank» қаржылық ахуалының едәуір нашарлағанын көрсетуі тиіс.

«Jusan bank» АҚ 2020 жылға арналған қаржылық есебі. Фото: jysanbank.kz

Өткен наурыз айында «Jusan bank»-тің «АТФБанк»-ті қылғытып жұту процессі толығымен аяқталған болатын. Оған қоса, банк өзінің Y әрпін U әрпіне алмастыруға мәжбүр болды. Ол латын қарпінің жаңа нұсқасындағы өзгерістерге қатысты екені түсінікті.

Мәміле шарттары бойынша, «АТФБанк» капиталын құрап отырған 124 миллиард теңге қосымша резервтерге жіберіліп, «Jusan bank» ҚНРДА талабы бойынша меншікті капиталдың нормасына жету үшін тағы 97 миллиард теңге қосты.

«Jusan bankтің негізгі проблемасы қарыз портфеліндегі қайтарымсыз кредиттердің көбейіп кетуінде», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары.

Бұл ретте, сарапшылардың пікірінше, Цеснабанктің проблемалары Jusanға аударылды деуге келмейді, себебі Цеснаның қайтарымсыз қарыздарын мемлекет «Проблемалық кредиттер қоры» арқылы сатып алған болатын.

«Jusan bank»-ке ковид пандемиясы ауыр тиді. Жыл басындағы жағдай бойынша, былтырғы карантин басталғаннан бері қайтарымсыз несие сомасы 26 миллиардқа көбейіп, 471 миллиард теңгеден асқан. Сонда бұл барлық қарыздардың 58,7 пайызына тең»

«Jusan нарықтағы өз стратегиясын әлі нақтылай алмай отыр» дейді сарапшылар. Бір жағынан банк өзінің жеке тұлғалар және финтех саласын көздеп отырғанын байқатқысы келеді. Екіншісінен бөлшек инвестиция, азаматтардың мобильді қосымша арқылы инвестиция жасайтын технологиялық брокеріне айналғысы келетіндей сыңай байқатады. Бірақ қай бағыт болсын, аяғына дейін баса алмай отыр.

Сондықтан қазір уақыт «Jusan bank»-ке қарсы жүріп жатыр деуге толық негіз бар. «Jusan bank» нарыққа кірмей ойланып тұрғанда, басқа ойыншылар өз позицияларын күшейтуде.

Тегтер: