Қош бол, ҚазАгро! Фермерлерді көркейтуі тиіс холдингтің ғұмыры НЕГЕ аянышты аяқталды?

04 ақпан, 18:00

Фото: Nege.kz

Үкімет қаулысымен елдегі басқарушы холдингтердің саны азайды. Енді «ҚазАгроны» жұтып алған «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры ғана басқарушы холдинг статусына ие.

«ҚазАгроның» некрологы орнына не жазуға болады? Коронавирусқа қарамастан холдингтің жаңа басшылығы қысқартуға келетін нәрсенің бәрін қысқартып, 2020 жылдың қортындысы бойынша холдингке 17,1 миллиард теңге таза табыс алып берген болатын. Холдингтің 2017 жылдан бері шығынға ұшырап келе жатқанын ескерсек, бұл өте үлкен жетістік еді. Оны Холдингке 2019 жылы келген басқарма төрағасы Ербол Қарашүкеевтің командасы іске асыра алды.

Алайда, оның алдында ұзақ жылдар бойы «КазАгроны» билеген Өмірзақ Шөкеевтің командасы холдингті фундаменталды жүйелік кризиске тығып кеткен болатын. Ұлттық компанияны сол уақытта сәнге айналған шетелден валютамен қарыз алу мен ішкі нарықта ірі агрофирмаларға қайтарымсыз кредит беру практикасы құртты. Одан бері Холдинг қанша тыпырласа да, жағдайын оңалта алмады.

Фото: informburo.kz

Бір ғана плюсы бар - 2019 жылы «ҚазАгро» барлық сыртқы валюталық қарыздарынан құтыла алған еді. «Компания 961,5 млн доллар еурооблигацияларын кері сатып алып, 600 млн еурооблигацияларды өтеді. Бірақ, оларды жабу үшін компания ішкі нарықтан 2018 жылы облигациялар шығару арқылы 120 миллиард теңге, одан кейін 450 миллиард теңге қарыз алды. Соның нәтижесінде 2019 жылдың аяғында холдингтің ішкі қарызы 772,8 миллиард теңгені құрады», - деп жазады Fitch Ratings.

«Менің ойымша, «ҚазАгро» сынды мемлекеттік холдингтерді құрудың еш мәні болмады», - дейді, «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов. «Қанша ақша жұмсалғанына және олардың қалай жұмыс істегеніне сүйене отырып, жалпы осы бағыттың теріс нәтиже көрсеткенін айта аламын».

«Қолданыстағы ақшаны сол кезде қолда бар инфрақұрылым арқылы игеруге болатын еді. Оның орнына қаржы топ-менеджерлерге шексіз бонустар төлеу мен сыбайлас жемқорлық схемалары арқылы талан-таражға салынды. Олар тіпті біздің, яғни салық төлеушілердің мойнына өз қарыздарын іліп кетті»

Енді «Бәйтерек» экономиканың барлық саласын дерлік қамтитын алып құбыжыққа айналмақ. Бүкіл мемлекеттік тұрғын үй құрылысы, жалға берілетін пәтерлерді ол «Қазақстанның тұрғын үй компаниясы», ипотека мен салынған пәтерлерді мемлекеттік бағдарламамамен үлестіруді «Отбасы банк», ауыл шаруашылығын қаржыландыруды «Аграрлы кредиттік корпорация», бизнесті қолдауды "Даму" қоры, ірі жобаларды «Қазақстанның даму банкі», венчурлы қаржыландыруды «Қазына капитал менеджмент» арқылы жүргізіп отыратын болады. Одан біз оның әлеуеті «Самұрық-Қазынаға» жетпесе де, жақындап қалғанын байқап отырмыз.

«Экономикада мемлекет неғұрлым аз болса, соғұрлым жақсы болады. Бұл қазір біз үшін алтын ереже», - деп жалғастырады, Марат Қайырленов.

«Сондықтан, шикізат бағасы төмендеген қазіргі уақыттарда барлық мемлекеттік компаниялар бізге қаншалықты керек деген мәселе көтерілуі тиіс. Мемлекеттік капитализмнің осы құралдарын қысқарту қажет»

ҚазАгроны өзіне қосып алардың алдында Бәйтеректің проблемалық активтері 205,9 миллиард теңгені құраған болатын. Ал ҚазАгроның проблемалық активтері 101,5 миллиард теңге болып тұрды. Енді біріккен холдингтің проблемасы ҚазАгроның ішкі облигациялар бойынша қарызын есептемегенде 300 миллиард теңгеден асады.

Сондықтан, «Бәйтерек» Холдингі алдымен ҚазАгромен бірге келген проблемаларды шеше ме, әлде ауыл шаруашылығын дамытуға күш сала ма? Бізді осы сұрақ қызықтырады және жаңа холдингтің көрсеткіштерін бақылап отыруға мотивация береді.  

#казагро #байтерек #холдинг
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации