Клебановтың қиын күндері. Олигархтың басты активтері НЕГЕ шығынға ұшырай бастады?
2021 жылдың қортындысы бойынша «Орталық Азия электрэнергиялық корпорациясы» АҚ (ЦАЭК) таза шығыны 64,7 миллиард теңгеге жетті. Бұл оның алдындағы 2020 жылғы шығыннан шамамен 13 есе көп. Ал қаржылық ұйымдар алдындағы қарызы 614 миллиард теңгеден асып кеткен.
Корпорация олигарх Александр Клебановтың негізгі активі болып табылады. Ол өзінің серіктесі Сергей Канмен бірге корпорацияның 94,2% акцияларына иелік отыр. Осы үлес олардың арасында 47,2 пайыз болып теңдей бөлінген.
-
Тақырыпқа орай: Машкевич бізге әдемі «мат» қойды. ERG Қазақстандағы кәсіпорындарын НЕГЕ кредитке тығып тастады?
2021 жылдың қортындысы бойынша осы активтің қаржылық халі нашарлағанын көреміз. Кәсіпорынның таза шығыны 64,7 миллиард теңгені құрады. 2020 жылды да «Орталық Азия электрэнергиялық корпорациясы» АҚ 5,4 миллиард теңге шығынмен аяқтаған болатын. Бұл ретте, ЦАЭК выручкасы 139,7 миллиард теңге болған еді. Бірақ өнім мен қызмет өндірудің өзіндік құны 106 миллиард теңге, ал қаржылық шығындары 26,4 миллиард теңгеге шықты. Таза шығын көбіне амортизация, гудвил мен материалды емес активтердің бір жылғы құнсыздануынан келіп отыр. Оның ортақ көлемін есептейтін болсақ, шамамен 108,8 миллиард теңгеге жетеді.
«Орталық Азия электрэнергиялық корпорациясы» АҚ 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Deloitte
Корпорацияның Еуропа даму және қайта құру банкі (ЕБРР) мен ВТБ тобы алдындағы қарызы оның активтерінің жалпы көлемінен 114 миллиард теңгеге асып кеткен. 2021 жылдың соңында ЦАЭК активтері 500 миллиард теңгеге бағаланғанын ескерсек, қарыздың 614 миллиард теңге межесіне жеткенін шамалай аламыз. Бұл ретте, қарыз алдағы уақытта проблемалық заем қатарына кіруі де мүмкін.
«Орталық Азия электрэнергиялық корпорациясы» АҚ 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Deloitte
«Орталық Азия электроэнергетикалық корпорациясы» 2008 жылы құрылған болатын. Оның электро энергиясын өндіретін қуаты 1 318 МВт-ты құрайды. Қазір ол елдің солтүстігінде 2 миллионнан астам адамды жарықпен қамтамасыз етіп отыр.
Оның қаржылық құнының төмендеуінен мемлекет те зардап шекпек. Себебі, ЦАЭК-тің 5,8 пайыз акциясына мемлекет «Бәйтерек» холдингінің венчурлі қорлары арқылы (4,35% - KIF ENERGY S.A.R.L., 1,45% - «Baiterek Venture Fund») иелік етеді.
-
Тақырыпқа орай: Қайтқан Қайраттан қайыр бар. Деолигархизация НЕГЕ ел экономикасына жағымды импульс бермек?
Александр Клебанов (Forbes тізімі бойынша) – Қазақстандағы 15-ші бай адам. Ол «ЦАТЭК» АҚ 50% және «ЦАЭК» АҚ 47,1% акциясына ие. Әрі негізгі серіктесі Сергей Канмен бірге ЦАТЭК арқылы «Павлодар Водоканал-Северный» ЖШС, «ЦАТЭК-Энергоинвест» ЖШС-ін басқарады. Ал ЦАЭК арқылы «Павлодарэнерго» АҚ мен «СевКазЭнерго» АҚ-да үлесі бар.
Ұлы Яков Клебанов Сергей Канмен бірге Circle Maritime Invest жүк тасымалдау компаниясының 50 пайызына иелік етеді. Сонымен бірге Rixos Almaty (Solis ltd. ЖШС) қожайындарының бірі. Ресейлік миллиардер Василий Анисимовпен бірлесіп уран мен молибден өндіретін «Степногорск тау-кен-химия комбинатының» 100 пайыз акциясын ұстап отыр.