3 Қараша 08:30

Кезінде 2 миллиард доллар еді. «АТФБанк» бағасы НЕГЕ 90 миллион доллардан аса алмайды?

Фото:
«First Heartland Jysan Bank» «АТФБанк» акцияларын сатып алатынын хабарлады. Оның құпия іске асып қойғанын бұған Nege.kz жазған еді. Басында Jysan оны

сыбыс деді, артынан ресми мойындады.

Қазіргі сұрақ басқада. «АТФБанк» қанша тұрады? «Тараптар осыған ұзақ уақыт бойы келісе алмады», – дейді аталған сауда-саттыққа қатысы бар сенімді ақпарат көзі. ҚНРДА мамандары сатып алуға рұқсат сұрайтын хатты «Jysan bank» тарапынан тамыз айында күткенін айтады. Енді ресми хабарланса, тараптар келісімге келді деген сөз. АТФБанктің бас акционері Ғалымжан Есеновтің өз банкін қымбатқа сатқысы келгені анық.

«Бірақ Jysan оған көнбеді», – дейді ақпарат көзі. «Егер «АТФБанк» біздегі банктерге міндеттелген пруденциялдық нормаларды мүлтіксіз орындайтын болса, оның акционерлік капиталынан түк те қалмайтын еді. АТФ өз міндеттемелеріне жеткілікті провизия жасамады».

«Факт бойынша «АТФБанк» көк тиын да тұрмайды. Қазіргі бар максимумы – бағасы капиталының 30-40%-іне ғана жетеді. Оның өзі де көп. «АТФБанк» – өте проблемалық қаржы ұйымы. Ол «Самұрық-Қазына» ұлттық қорына қарасты компаниялардың депозиттері есебінен өмір сүріп келді. Оның шынайы нарықтық бағасы қазіргі капиталының небәрі 30%-і болуы тиіс»

Алғашқы жартыжылдықтағы аудиттен өтпеген қаржылық есебі бойынша, банктің меншікті капиталы 129,5 миллиард теңге болған. Ақпарат көзінің есебі оң болса, онда «АТФБанк» 38,8 миллиард теңгеге (89,3 миллион доллар) бағаланып отыр.

«АТФБанк» АҚ жартыжылдықтың қаржылық есебі. Фото: atfbank.kz

Ең өкініштісі, егер біріккен банк қызметкерлер санын қысқартатын болса, ең алдымен АТФ-тың адамдары кетпек. Jysan bankтің тек өзіне керек IT мен банк технологиялары мамандарын қалдыратыны түсінікті.

АТФ-тың ертегісі әдемі болды. Өз құдіретінің шарықтау шегінде тұрған 2007 жылы ол итальяндық каржы конгламераты «Unicredit» тобына 2,2 миллиард долларға сатылды. Артынан итальяндықтардың АТФ-тан аузы күйіп, 2013 жылы Ғалымжан Есенов оны шамамен 500 миллион долларға сатып алды. Енді 90 миллион долларға сатпақ.

Сонда 13 жыл ішінде «АТФБанк» доллармен есептегенде 24 есе арзандаған.

Тегтер: